«Венадағы суретшілер резиденциясы» байқауының нәтижелері

«Венадағы суретшілер резиденциясы» байқауының нәтижелері
Almaty Museum of Arts Аустрияның Еуропа және халықаралық істер жөніндегі федерал министрлігі мен MuseumsQuartier Wien қолдауымен ұйымдастырылған Венадағы екі айлық зерттеу резиденциясына Дария Темірханның іріктелгенін қуана хабарлайды.
2026 жылдың шілде және тамыз айларында Дария Венада тұры п, резиденция аясында өзінің зерттеу жобасымен айналысады. Зерттеу нәтижелері 2026 жылдың күзінде Almaty Museum of Arts музейінде өнерсүйер қауым назарына ұсынылады.
Қазылар алқасының пікірі:
«Қазылар алқасы қатысушылар арасынан Дария Темірханды Орталық Азиядағы су тарихын тереңінен зерттеп, әсерлі жеткізе білгені үшін іріктеп алды. Жергілікті экологиялық жағдайдың шынайы жай-күйін мифпен ұштастыра отырып, Темірхан өзіне тән көркем тілмен бүгінгінің өзекті мәселелерін бейнелейді. Сонымен қатар автордың өз зерттеуін Weltmuseum қорымен байланыстыра алғаны ерекше бағаланды. Бұл ұсыныс Венадағы халықаралық мәдени диалогқа толық сай келеді».
Дарияны осы бір жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сондай-ақ алғашқы халықаралық резиденция бағдарламасына өтінім беріп, қызығушылық танытқан барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз.
Қысқаша өмірбаяны
Дария Темірхан (2000 ж., Орал, Қазақстан) – цифрлық және физикалық коллаж, саунд-арт және видеоарт бағыттарында жұмыс істейтін суретші.
Дария шығармаларына әрдайым су тақырыбын арқау етіп, соның төңірегінде ой толғайды. Судың қолжетімді болуы мен тапшылығы, сондай-ақ оның саяси және экологиялық маңызы Қазақстандағы күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болғандықтан, ол осының бәріне Қазақстан азаматының көзімен қарайды. Суретші өмірді айна қатесіз көре біледі де, көргенін таспалайды. Сонымен қатар табиғи ресурстардың адамның жеке тәжірибесіне, ұжымдық жадқа және адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасқа қалай ықпал ететінін зерделейді. Бұл ойлар оның шығармаларында абстрактілі бейнелер мен мифтік жаратылыстар арқылы көрініс табады.