Біз туралы

2025 жылдың күзінде Қазақстанда, Алматының қақ төрінде коллекционер, меценат Нұрлан Смағұлов негізін қалаған Almaty Museum of Arts ашылды. Орталық Азиядағы тұңғыш заманауи өнер мұражай аймақтағы негізгі мәдени алаң болмақ. Жоба авторлары тұмса табиғат пен қала тіршілігі шебер үйлескен Алматыны қоршап тұрған таулар мен қала бедерінен шабыт алды.
Миссия және құндылықтар

Музей миссиясы – өнер атаулымен жақын байланыс жасап, ашық диалог орнату арқылы адам мен қоғамның дамуына жол салатын кеңістік құру.
Мұражай Қазақстан мен Орталық Азия өнерін зерттеп, қолдап, қастерлеп сақтаумен қатар, оны жаһандық көркем оймен ұштастыра отырып, кәсіби орта мен қарапайым қауымға бағытталған тұрақты мәдени кеңістік қалыптастырады.
Құндылықтар
Ашық болу
Біз үшін әр суретшінің өз ойын еркін жеткізуі және әр адамның өнерді өзінше түсінуі маңызды. Біз сан алуан мәдени астар мен тәжірибелердің құндылығын тең көреміз, сондықтан әрқашан өзара пікір алмасуға ашықпыз.
Жауапкершілік пен этика
Біз кәсіби әдеп пен адамгершілік қағидаларын негізге ала отырып әрекет етеміз. Сараптамалық білім, ғылыми тәсіл мен кураторлық шешімдердің тәуелсіздігіне сүйене отырып, ашық әрі адал қарым-қатынас орнатамыз.
Құрмет пен инклюзия
Біз барлығына қолжетімді, қауіпсіз, жылы және жайлы орта қалыптастырамыз.
Біздің даму тарихымыз

Мұражайда негізінен Н.Смағұловтың отыз жылда жинаған жеке коллекциясы қойылған, өңірдегі ең ірі жеке коллекцияның бірі саналатын жинақта жалпы саны 700-ден аса туынды бар. Қазір коллекцияның ауқымы кеңейіп, Қазақстан, Орталық Азия және көршілес аймақтардан жанры да, көркемдік бағыты да әртүрлі жаңа экспонаттар, заманауи өнер туындыларымен толығып жатыр.
Сәулет

Мұражайдың сәулеті мен оның айналасындағы ландшафт жобасын сәулет, қала құрылысы және интерьер дизайны саласындағы әлемдік көшбасшы, көптеген марапаттың иегері, британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жасады. Жобалау барысында Chapman Taylor сонымен бірге Buro Happold инженер кеңесшілерімен және Lord Cultural Resources мұражайды жоспарлау саласындағы сарапшылармен тығыз әріптестік байланыста болды.
Мұражай дизайны Алматының табиғи бедері мен қала тынысынан шабыт алып, екі «L» секілді құрылым түрінде берілген: оның бірі тауды білдірсе, екіншісі - қаланың белгісі.
Ғимараттың дәл ортасында «Өнер көшесі» — биіктігі 18 метр болатын мұражайдың орталық кеңістігі бар. Түрлі көрме аймағы осы жерде бір-бірімен байланысады. Табиғи жарықпен жарықтандырылған «көше» Шарын шатқалымен көмкерілген. Ол бір жағынан лобби, көрме алаңы және оңаша қалып ой түйетін орын қызметін де атқарады.
Кеңістік

Мұражайда екі негізгі көрме залы бар:
• Ūly Dala – аумағы 1000 шаршы метр уақытша көрмелер залы. Биіктігі 12 метр болатын бұл залда жылына екі рет арнайы көрмелер өтеді.
• Saryarqa – Мұражай коллекциясынан ауыспалы тақырыптық көрмелер ұсынатын тұрақты көрме залы.
Бұған қоса, Ричард Серра, Ансельм Кифер, Яеи Кусама және Билл Виола секілді жекелеген суретшілердің тұрақты коллекциясына арналған арнаулы бөлмелер бар. Келушілер мұражай аумағынан Йинка Шонибаре, Жауме Пленса және Алисия Кваде сияқты айтулы шетелдік шеберлер Алматы мұражайына арнап жасаған монументал мүсінді де көре алады.
Көрме кеңістігінен бөлек, мұражайда лекциялардан бастап камералық концерттер мен кинокөрсетілімге дейінгі түрлі іс-шара өткізуге арналған Әл-Фараби залы бар. Мұражай аясында үйретумен айналысатын Шеберхана, қалпына келтіру залы, өнер туындыларына арналған кәсіби қор сақтау орны, кафе және дүкен қызмет көрсетеді.