Almaty Museum of Arts «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» атты жаңа көрмені ұсынады

2026 жылғы 8 қыркүйекте Almaty Museum of Arts (ALMA) жаңа маусымдағы басты көрмелердің бірі – «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесін ашады. Әлия Тизенгаузен көрмеге кураторлық етті.
Алматы, 2026 жылғы 20 тамыз. 2026 жылғы 8 қыркүйекте Almaty Museum of Arts (ALMA) жаңа маусымдағы басты көрмелердің бірі – «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесін ашады. Әлия Тизенгаузен көрмеге кураторлық етті. Аталған көрме ALMA-ның алғашқы туған күнін атап өту аясындағы негізгі оқиғалардың біріне айналмақ. Көрменің серіктесі – Atasu Group компаниялар тобы.
Экспозиция «Сарыарқа» залында һтеді және бірнеше буынның көрнекті өкілдерінің қолынан шыққан 50-ден астам туындыны бір арнаға тоғыстырады. Олардың қатарында Хакімжан Наурызбай, Исаак Иткинд, Еркін Мергенов, Рысбек Ахметов, Молдақұл Нарымбетов және Аида Әділбектің де туындылары бар. Әр мүсін арқау еткен тақырыпқа сай төрт бөлімге топтастырылған. Көрме соңғы онжылдықтардағы қазақстандағы мүсін өнерінің даму жолын зерделейтін ең ауқымды зерттеу жобаларының бірі болмақ. Экспозиция кеңестік кезеңдегі академиялық туындылардан бастап, қазіргі заманауи суретшілердің эксперименттік ізденістеріне дейінгі өнер эволюциясын қамтиды.
«Біз мүсін өнерін тірі, үздіксіз дамып отыратын көркемдік үдеріс ретінде көрсетуді мақсат еттік. Көрмеде кеңестік кезеңдегі академиялық туындылар заманауи суретшілердің жұмыстарымен өзара үндесіп, диалог құрады. Осы арқылы материалдың, көркемдік тілдің, сондай-ақ пластика ұғымының өзі уақыт өте келе қалай түрленгенін аңғаруға болады. Мүсін өнерінің тарихы – белгілі бір деңгейде қоғамның, жадының және адам болмысының да тарихы», – дейді көрме кураторы, өнертану ғылымдарының докторы Әлия Тизенгаузен.
«Жалпы, мүсін сөзі қазақ тілінде осы аталған өнер түріне қатысты қолданылуымен қатар, адамның сұлбасы, тұрпаты мен сымбатын сипаттағанда да айтылып жатады. Осы екі мағынаның тоғысуы көрменің тұжырымдамасынан да көрініс табады: экспозицияның басты кейіпкері – адам. Суретшілер адам бейнесі арқылы жад, отбасы, тарих, ұлттық болмыс және Қазақстанның соңғы жетпіс жыл ішінде бастан өткерген әлеуметтік өзгерістер туралы ой қозғайды», – дейді ALMA-ның көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева.
Atasu Group-тың көрмеге қолдау көрсетуі оның маңызын айқындай түсті. Компания бұған дейін де Қазақстанның көркем мұрасын сақтау мен оны қайта ой елегінен өткізуді мақсат тұтқан талай бастаманы дәстүрлі түрде қолдап келеді. Компанияның негізін қалаушы Марат Жұманның айтуынша: «Atasu компаниясы логистика саласында келе жатқанына жиырма сегіз жылдың жүзі болды. Біз елдер мен қалалар арасына көпір боп, жалғап келеміз. Бірақ белгілі бір бағытты жалғап, маршрут құрудың өзі жеткіліксіз. Нағыз байланыс адамдар арасында орнайды. Ал бұл енді логистикадан әлдеқайда кең ұғым. Сондықтан біз осындамыз. Өзіміздің қолымыздан келетін іспен айналысамыз, яғни байланыс орнатамыз. Бұл жолы қалаларды емес, адамдарды бір-біріне жақындата түстік. «Мүсіндер» – Қазақстан мүсін өнерінің елуінші жылдардан бүгінге дейінгі жетпіс жылдық тарихын қамтитын көрме. Мүсін өнеріне қарап, елдің қалай өзгергенін, өзіміздің қалай өзгергенімізді де аңғаруға болады. Бұл да өзінше бір жол. Тек кеңістіктегі емес, уақыт бойлай соғылған жол».
«Мүсіндер» көрмесі 2026 жылғы 8 қыркүйектен 2027 жылғы мамыр айына дейін жалғасады. Көрмеге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көретін иллюстрацияланған каталог қоса ұсынылады. Каталогқа көрме кураторы Әлия Тизенгаузен мен Валерия Ибраева және Александра Цай есімді өнертанушылардың ғылыми мәтіндері енген.