top of page

Болашақтың музейлері мен қалалары

​

Untitled.png

Конференция

2026 ж. 20 қазан

Билет алу

Art event in Almaty.

Испания мен Қазақстандағы музей директорлары, кураторлар, сәулетшілер, урбанистер, ағартушылар мен зерттеушілердің бастарын бір алаңда қосқалы отырған «Болашақтың музейлері мен қалалары» конференциясы мәдени мекемелердің қазіргі қалаларды жаңғырту үдерісіне қалай атсалыса алатынын қарастырады.

2026 ж. 14 қазан

Дата для разметки

Тіркелу
Бағдарлама және тіркеу

Іс-шара ағылшын тілінде өтеді, қазақ және орыс тілдеріне синхрон аударма жасалады. Алдын ала тіркелген жағдайда тегін қатысуға болады.


Музейлер болашақта қалалардың қалыптасуына қалай ықпал етпек?


Испания мен Қазақстандағы музей директорлары, кураторлар, сәулетшілер, урбанистер, ағартушылар мен зерттеушілердің бастарын бір алаңда қосқалы отырған «Болашақтың музейлері мен қалалары» конференциясы мәдени мекемелердің қазіргі қалаларды жаңғырту үдерісіне қалай атсалыса алатынын қарастырады.


Алматыны әрі бас қосатын ортақ кеңістік, әрі нақты зерттеу нысаны ретінде ала отырып, аталған бағдарлама музейлердің қоғамдық институт ретіндегі рөлін, білім мен қоғамдық өмір тоғысатын кеңістік ретіндегі маңызын, сондай-ақ мәдениет пен қала дамуының жаңа бағыттарына серпін беретін мүмкіндігін зерделейді.


Испания мен Қазақстанның тәжірибесіне сүйене отырып, конференция аясында музей сәулеті, мәдени және білім беру инфрақұрылымы, сондай-ақ мәдени мекемелер, қоғам және қалалар арасындағы байланыстың өзгеруі талқыланады.


Конференцияға дайындық аясында InVision U студенттері «Алматы манифесін» әзірлеу жұмысына атсалысады. Біз әңгімелеп отырған дүние – қаланың қашан да құбылып отыратын тыныс-тіршілігіне сай музейлер мен мәдени инфрақұрылымның болашағына қатысты ашық әрі сан алуан ұсыныстар жиынтығы. Манифест конференция барысында пікірталас пен ой алмасуға негізгі түрткі болады. Оның мазмұны конференция қатысушыларының ұсыныстары, пікірлері мен идеяларына сүйене отырып, толықтырылады да, талқылау барысында одан әрі дамып, толыға түседі.


Конференцияны Almaty Museum of Arts Қазақстандағы Испания елшілігімен бірлесіп ұйымдастырады.  Almaty Museum of Arts халықаралық тәжірибе алмасу мен кәсіби диалогты дамытуға басымдық бере отырып, жыл сайын заманауи музей ісінің дамуына ықпал ететін өзекті мәселелердің бірін қаузайтын халықаралық басқосу өткізеді. Алғашқы конференция Tate Modern музейімен күш біріктірудің арқасында жүзеге асты және аталған іс-шара перформатив тәжірибелер төңірегінде болды. Ал 2026 жылғы жиын музейлер, мәдени инфрақұрылым және қалалар болашағы арасындағы өзара байланысты назарға алады.


КҮН ТӘРТІБІ


09:00–10:00
Қонақтарды тіркеу, кофе ұсыну


10:00–10:15

Сөз бастау


10:15–12:30

1-сессия: Болашақтың музейі: Мекеме, қоғам және қала

Музейлер өнер туындыларын жинақтап, көрмеге қоюдан басқа қандай міндет арқалайды? Олар қоғамдық институт ретінде, білім өндіретін әрі таратуға ықпал ететін орын ретінде және мәдениет пен қаланың өзгеруіне серпін беретін күш ретінде қалай жұмыс істей алады?

  • 10:15–10:40

Хосе Мария Луна, Пикассо үй-музейі (Museo Casa Natal de Picasso), Fundación Unicaja

  • 10:40–11:05

Хулиета де Аро, CentroCentro – «Болмыс қалыптастыру, қаланы жандандыру»

Мәдени мекеме қала өміріне шынайы үлес қосуы үшін қаланың нені қажет ететінін, тыныс-тіршілігін және мәдени болмысын қаншалықты жақсы түсінуі керек? Мадридтегі CentroCentro тәжірибесі мәдени мекеменің өзіндік болмысын айқындап, соның негізінде қаланың тұтас мәдени ортасының дамуына ықпал етуге болатынын көрсетеді.

  • 11:05–11:30

Лусия Агирре, Guggenheim Bilbao – «Гуггенһайм Бильбао музейі: мәдениетке сүйеніп болашақ қалыптастыру»

Бильбао – төзім мен өзгерістің, қалаберді қауымдастықтың мызғымас бірлігінің арқасында қалыптасқан шаһар, бұл жерде мәдениет атаулы қаланың жаңаруына қуатты серпін берген. Бұл өзгерістің өзегінде тұрған Гуггенһайм Бильбао музейі сәулет өнерінің бірегей туындысы ғана емес, ортақ мұрат пен мәдени өміршеңдіктің символына айналды. Оның әсері музей қабырғасымен шектелмей, Бильбао мен Баск елінің бүкіл өңірінде білім мен шығармашылықтың дамуына, азаматтық мақтаныштың қалыптасуына және кең ауқымды мәдени ортаның өркендеуіне ықпал етіп келеді. Бүгінде Бильбаоның осы тәжірибесі мәдениетке салынған инвестицияның қауымдастықтарды нығайтып, ұлттық және жергілікті бірегейлікті ұлықтауға, адамдарды өзара жақындастырып, өмірге қуат беретін, байланысы берік болашақ құруға жол ашатынын көрсетеді.

  • 11:30–12:30

Пікірталай және сұрақ-жауап, модератор – Инга Лаце


14:00–16:50

2-сессия: Музей салу, қала салу

Архитектура, мәдени инфрақұрылым және білім беру қалалардың өзгеріп жатқан қажеттіліктеріне қалай жауап бере алады? Жаңа музейлер, қайта бейімделіп пайдаланылатын ғимараттар, білім беру мекемелері және мәдени инфрақұрылымның жаңа формалары Алматының болашағы жолында қандай рөл атқара алады?

  • 14:00–14:30

Хуан Пабло Родригес Фраде, Frade Arquitectos – «Испанияның Ұлттық археологиялық музейін қайта жаңғырту»

  • 14:30–14:50

Әсел Есжанова, Urban Forum – «Музей арал емес. Алматы мәдени экожүйе ретінде»

Мәдениет қаланың күнделікті тыныс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін қандай байланыстар, желілер мен өзара ықпалдастық түрлері қажет?

  • 14:50–15:10

Әділжан Псяев – «Қаланы зерттеу акторы ретінде Алматы сәулет музейі қажет»

  • 15:10–15:30

Кофе-брейк

  • 15:30–15:50

Хорхе Родригес Дондай, Frade Arquitectos – «Сәулет және мәдениет»

  • 15:50–16:10

Әнел Құлахметова, InVision U – «Болашақтың қаласын кім көз алдына елестете алады? Өнер, жазу және зейінді жетілдіру»

Бұл дәріс жазу әдістері, өнер мен әдебиет, сондай-ақ қала кеңістігін зерттеу арқылы зейінді сыни тұрғыдан зерделеу тәжірибесі ретінде қалыптастыру жолдарын қарастырады. Жазуды идеяларды жеткізу құралы ғана емес, ойлау, сұрақ қою және жаңалық ашу тәсілі ретінде түсіне отырып, дәріс жастардың қаланың көзге көрінетін және көрінбейтін қырларын қалай танып-білетінін, қалыптасқан түсініктерді қалай қайта ой елегінен өткізетінін және қаланың болашағын басқаша қалай елестете алатынын зерттейді. Музейлер азаматтық институттар әрі қаланы түрлендіруге ықпал ететін қозғаушы күштер ретінде қарастырылатын жағдайда, болашақтың қаласын кім көз алдына елестете алады және музейлер білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, жастардың қаланың мәдени және қоғамдық өмірін қалыптастыруға қатысуына қандай мүмкіндіктер жасай алады деген сұрақтар өзекті болып қала береді.

  • 16:10–16:50

Пікірталай және сұрақ-жауап, модератор – Инга Лаце

«Мәдени қала қалыптастыру: Алматыға не қажет?»

Музейлер, білім беру мекемелері, сәулет және мәдени инфрақұрылым дегеннің бәрі бірдей Алматының болашағына қалай әсер алады?



16:50–17:30

Алматы манифесі және қорытынды сөз

InVision U студенттері мен конференция қатысушыларының бірлескен жұмысы негізінде әзірленген Алматы манифесін таныстыру және талқылау.


ҚАТЫСУШЫЛАР


Хосе Мария Луна, Пикассо үй-музейі (Museo Casa Natal de Picasso), Fundación Unicaja

Өнертанушы Хосе Мария Луна өзінің кәсіби қызметі барысында Испаниядағы бірнеше мәдени мекемеге директорлық қызмет атқарған. 1992–2003 жылдар аралығында Марбельядағы Испан заманауи гравюрасы музейі қорының директоры болды. Ол Марбелья қаласы кеңесінің мемлекеттік қызметкері және қазіргі уақытта Малага қаласы кеңесіне іссапармен жіберілген. 2003–2009 жылдары Гранададағы Родригес Акоста қорының директоры қызметін атқарды. 2009 жылы Марбельядағы Испан заманауи гравюрасы музейінің директоры қызметіне қайта оралды. 2011 жылы Малагадағы Пикассоның туған жеріндегі музей-үйінің директоры болды.


Хулиета де Аро, CentroCentro Madrid

Хулиета де Аро – мәдениет саласының менеджері және куратор. Қазіргі уақытта Мадрид қаласы кеңесінің заманауи өнер және мәдениет орталығы CentroCentro-ның көркемдік директоры қызметін атқарады. Мәдениетті басқару саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол Испанияның жетекші мәдени мекемелерінде, соның ішінде Círculo de Bellas Artes, Атлантикалық заманауи өнер орталығы (CAAM) және VEGAP ұйымдарында жұмыс істеген. Он жылдан астам уақыт бойы AVAM (Мадридтің бейнелеу өнері қауымдастығы) ұйымын басқарды. Осы кезеңде көркемөнер өндірісі, халықаралық мәдени алмасу және резиденция бағдарламаларына бағытталған жобаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар көрмелерді кураторлық тұрғыдан ұйымдастырып, мемлекеттік мекемелерге мәдени жобалар бойынша кеңес берді. 2016 жылы Мадридте El Tercero de Velázquez тәуелсіз көрме кеңістігін құрды. Бұл кеңістік – суретшілер, мәдениет саласының мамандары, коллекционерлер мен көрермендер бас қосатын мекен.


Хуан Пабло Родригес Фраде, Хорхе Родригес Дондай, Frade Arquitectos

Хуан Пабло Родригес Фраде – сәулетші, «Frade Arquitectos» сәулет бюросының негізін қалаушы. Ол 1983 жылы Мадрид сәулет мектебін (ETSAM) бітіріп, 2005 жылы Мадридте «Frade Arquitectos» сәулет бюросын құрғанға дейін жиырма жылдан астам уақыт бойы жеке өзі сәулетшілікпен айналысқан.

Хорхе Родригес Дондай – сәулетші, «Frade Arquitectos» сәулет бюросының директоры және оның басшылығындағы екінші буын өкілі.

Frade Asociados – 2005 жылы Мадридте Хуан Пабло Родригес Фраде негізін қалаған сәулет бюросы. Бюро музейлер, мәдени мұра нысандары, көрме дизайны және қоғамдық ғимараттарды жобалауға маманданған. Студия 300-ден астам көрме жобасын жүзеге асырған және Centre Pompidou, Мадридтегі Тиссен-Борнемиса музейі және Берлиндегі Kulturforum сияқты ірі мәдени мекемелермен бірлесіп жұмыс істеген. Бюроның маңызды жобалары қатарында Испанияның Ұлттық археологиялық музейі, Альгамбра музейі, Мадридтегі Сәулет үйі және Фестегі Ислам өнері музейі бар. Бюроның жұмыстары бірқатар беделді марапаттарға ие болған. Олардың қатарында Мәдени мұраны қалпына келтіру және сақтау саласындағы Испанияның Ұлттық сыйлығы, Ага Хан сәулет сыйлығы, Piranesi Prix de Rome, Еуропаның жыл музейі сыйлығы және COAM сыйлығы бар.


Лусия Агирре, Guggenheim Museum Bilbao

Лусия Агирре 2000 жылдан бері Бильбао Гуггенһайм музейінде жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында ол жеке куратор ретінде модерн және заманауи өнердің жетекші өкілдерін насихаттайтын көптеген көрмелерді ұйымдастырды және бірлесіп кураторлық етті, олардың барлығы жоғары бағаланған. Аталған тұлға кураторлық еткен көрмелерінің қатарында «Пана болған сәулет» (2012), «Гармендиа, Сабала, Манерос, Салаберриа: үдеріс және әдіс» (2013), «Заманауи өнер: Гуггенһайм коллекцияларынан жауһарлар» (2014), «Джефф Кунс: ретроспектива» (2015), «Фрэнсис Бэкон: Пикассодан Веласкеске дейін» (2016), «Пельо Ирасу: Панорама» (2017), «Билл Виола: ретроспектива» (2017), «Шагал: бетбұрыс жылдары, 1911–1919» (2018), «Олафур Элиассон: шынайы өмірде» (2019), «Ли Краснер: түстер тынысы» (2019–2020), «Элис Нил: бәрінен бұрын» (2021–2022), «Серра/Сера: суреттер» (2022), «Яеи Кусама: 1945 жылдан бүгінге дейін» (2023), «Еситомо Нара» (2023–2024), «Хильма аф Клинт» (2025) және «Пикассо – мүсінші: материал және дене» (2025) бар. Оның кураторлық жұмысы ғылыми зерттеулер мен музей қорларын зерделеуді, сондай-ақ суретшілермен, коллекционерлермен, музейлермен және халықаралық мәдени мекемелермен тығыз ынтымақтастықты қамтиды. Лусия Агирре Бильбаодағы Деусто университетінде География және тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Кейін Флоренциядағы Халықаралық өнер университетінде (Università Internazionale dell'Arte di Firenze) музеология және өнер сыны бойынша маманданып, Италияның Тоскана аймақтық үкіметінен Tecnico Qualificato in Gestione di Musei e Pinacoteche біліктілік сертификатына ие.


Әсел Есжанова, Urban Forum Almaty, Urban Forum Kazakhstan

Әсел Есжанова – сәулетші, куратор, Urban Forum Almaty және Urban Forum Kazakhstan ұйымдарының негізін қалаушы әрі негізгі қозғаушы күші. Бұған дейін халықаралық Aedas Architects компаниясында жұмыс істеп, Atomik Architecture сәулет студиясының Алматыдағы бөлімшесін басқарған. Ұлыбритания, Еуропа, Канада және Таяу Шығыстағы жобаларды жобалауға қатысқан.


Әнел Құлахметова, InVision U

Әнел Құлахметова – InVision U университетінің проректоры және «Мемлекеттік басқару және даму стратегиялары» бағдарламасының жетекшісі. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (UNICEF Kazakhstan) балаларды қорғау және балалар құқықтары жөніндегі ұлттық консультанты қызметін атқарған. 2014 жылдан бері Бішкектегі ЕҚЫҰ Академиясында, SDU University және Нархоз университетінде халықаралық даму, академиялық зерттеу және академиялық жазу бойынша курстардан сабақ беріп келеді. 2023 жылдан бастап Нархоз университетінің Гуманитарлық ғылымдар мектебінің директоры қызметін атқарады.


Әділжан Псяев

Әділжан Псяев – сәулетші, Алматы сәулеті мен қала құрылысының тарихын зерттеуші. Ол кеңес кезеңінде жүзеге аспаған һәм тарихи жобаларды зерделейді, қаланың тарихи келбетін сақтау мәселелері бойынша сарапшы ретінде танылған. Сондай-ақ қала ортасын дамытуға бағытталған платформалар мен бастамаларда серіктес әрі сарапшы ретінде жұмыс істейді, Қазақстан қалаларының дизайн-кодтары мен даму тұжырымдамаларын талқылауға қатысады.

​Тағыда

Ула Сикл, Саз балшық денелер (зерттеу)

Перформанс

14 қазан,
17:30–18:20

ALMA-SEO-banner.png

Craft Night

Ай сайынғы қолөнер клубы

20 қазан, 2026
18:00-20:00 (кез келген уақытта)

ALMA-SEO-banner.png
bottom of page