top of page

Jaume Plensa’s Sculpture Unveiled in Almaty:

Құдды қарбалас қала ландшафтындағы тыныштық аралындай болған «Надэс» мүсіні қауымға ашылды
render-East_Entrance.png

Нұрлан Смағұлов, Almaty Museum of Arts негізін қалаушы:


«Біз мұражай жанында қаламыздың ажырамас бөлігіне айналардай ерекше бір туындының бой көтеруін армандадық.«Надэс» — өне бойына рух, қадір-қасиет һәм сұлулық сіңірген әйел бейнесі. Мен бұл мүсіннің Алматы символдарының біріне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарын мұражайға шақырып тұратынына сенемін.»


«Надэс» — қос бұрымы өрілген, көзі жұмулы, ұзындығы 12 метрлік әйел бейнесі. Жауме Пленсаға тән мәнерде мүсінделген бұл туынды — түйсікке терең үңілу, ішкі тыныштық пен жан-дүние символы. Шебер мұндай туындыларын «жанның портреті» деп атайды. Олар қаланың қарбалас дыбысын бәсеңдетіп, көрерменді бір сәт тоқтап, өз-өзіне үңілуге, маңызды сұрақтар қоюға итермелейді.


«Надэс» мүсінінің шаш өрімі қазақтың дәстүрлі бейнелерін еске салады — бұл оны елдің мәдени кеңістігіне табиғи түрде бейімдейді. Алайда Пленсаның көптеген өзге туындылары секілді, аталған мүсін де әмбебаптығын сақтап тұр: бет-жүзінде нақты тұлғалық сипат жоқ, бұл көрерменге еркін интерпретациялауға, өз сезімі мен тарихын осы бейнеге шақтауға мүмкіндік береді.


Жауме Пленса:

«Мен нақты адамдармен жұмыс істеймін – олардың жүздерін сканерлеп, бейнені тұлғалық ерекшеліктер жойылғанша трансформациялаймын. Мен әр көрермен сол бейнеден өзін көрсе деймін. Бұл жүздер айнаға айналады».


Жауме Пленса 1955 жылы Барселонада дүниеге келген және қазіргі күнге дейін сол жерде жұмыс істейді. Оның мүсіндері Чикагодан Токиоға дейін бүкіл әлемнің маңызды қоғамдық кеңістіктерінде орнатылған. Ең танымал жобаларының қатарына Нью-Джерсидегі Water’s Soul (2020), Мадридтегі Колумб алаңындағы Julia (2018), Токиодағы Roots (2014), Сингапурдегі Soul (2011), Бостондағы Массачусетс технологиялық институтының жанындағы Alchemist (2010) жатады. Алматыға арнайы жасалған «Надэс» — суретшінің соңғы жылдардағы ең ірі туындыларының бірі.


Қазақстандағы алғашқы жекеменшік заманауи өнер мұражайы — Almaty Museum of Arts 2025 жылдың қыркүйегінде жұртшылыққа есігін ашады. Бұл оқиға Алматы қаласы мен жалпы өңірдің мәдени өміріндегі елеулі бетбұрыс болмақ. 


Мұражайда оның негізін қалаушы кәсіпкер, коллекционер әрі меценат Нұрлан Смағұловтың бірегей жинағы ұсынылады. Коллекцияға Қазақстан, Орталық Азия және өзге елдерден жинақталған 700-ден астам заманауи өнер туындысы енген.


Ауданы 10 060 м² құрайтын ғимаратты британиялық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Мұражай жоспарлау бойынша кеңесші ретінде San Francisco заманауи өнер мұражайы, Бильбаодағы Гуггенхайм мұражайы, Дохадағы Ислам өнері мұражайы, сондай-ақ Париждегі Помпиду орталығы мен Лувр сынды жобаларымен танымал халықаралық Lord Cultural Resources компаниясы қызмет атқарды.

Инженерлік шешімдерді Абу-Дабидегі Лувр, Лондондағы Британ мұражайы және Лос-Анджелестегі LACMA мұражайы сынды ірі жобаларда жұмыс істеген халықаралық Buro Happold компаниясы әзірледі.


bottom of page