top of page

Almaty Museum of Arts (ALMA) Халықаралық Музейлер күні мерекесіне орай TikTok LIVE халықаралық бастамасына қатысады

render-East_Entrance.png

Алматы, Қазақстан |15 мамыр 2026 жыл - 18 мамыр күні атап өтетін Халықаралық Музейлер күні мерекесіне орай Almaty Museum of Arts TikTok-тың “Comes Alive” жаһандық бағдарламасының ауқымды бастамасына қатысатын маңызды музейлердің бірі болмақ.

Алматы, Қазақстан |15 мамыр 2026 жыл -  18 мамыр күні атап өтетін Халықаралық Музейлер күні мерекесіне орай Almaty Museum of Arts TikTok-тың “Comes Alive” жаһандық бағдарламасының ауқымды бастамасына қатысатын маңызды музейлердің бірі болмақ.


Comes Alive - платформаның қолданушыларға тікелей эфирде танымдық және мәдени контент ұсынатын ұзақмерзімді бастамасы. Бағдарламаның алғашқы жобасы  Museums Come Alive деп аталады, ол Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылып отыр. TikTok атақты институциялардың басын қосып, тікелей эфир сынды көрермені көп форматта аудиторияны өнер, тарих, мәдени мұра атаулымен таныстырмақ.


ALMA эксклюзив қатысушылар қатарына енді:


  • Museum of Modern Art (MoMA) (Нью Йорк);

  • The Metropolitan Museum of Art (The Met) (Нью Йорк);

  • Grand Egyptian Museum (Гиза).


Мұндай дәрежедегі жобаға қатысу біздің музейіміздің халықаралық арт сахнаның қаншалықты маңызды бөлігі екенінің дәлеліндей.  ICOM (Халықаралық музейлер кеңесі) осы жылдың Халықаралық Музейлер күні мерекесінің тақырыбын «Ажыраған әлемді байланыстырушы музейлер» деп бекітті.Бұл қазіргі күні музейлер тек жәдігерлерді экспонат ретінде сақтау қызметінен әлдеқайда кең ауқымды қамтитынын көрсетеді. Олар бүгін сабақтастық орнатушы кеңістіктерге, мәдениетаралық диалогтар мен инклюзияға жол ашатын платформалар мен шекараларды кесіп өтіп, түрлі буын өкілдері кездесетін орындарға айналған.


18 мамыр күні сағат 12:00-ден 14:00-ке дейін музей (@almatymuseumofarts) мен креатор Нұржанның (@nurzhan_cello) аккаунттарында тікелей эфир жүреді.


Нұржан @nurzhan_cello TikTok LIVE тікелей эфирінде Орталық Азиядағы тұңғыш және жалғыз заманауи өнер мұражайы Almaty Museum of Arts-қа (@almatymuseumofarts) экскурсия жүргізеді. Реал уақыт режимінде сағат 12:00-ден 14:00-ке дейін көрермен музей сәулетіне көзайым болып, сондай-ақ басты көрме кеңістіктері мен жаһан мен Қазақстанның заманауи суретшілерінің туындыларын тамашалай алады.Эфир барысында қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның “Мен бәрін түсінемін” атты ретроспективалық көрмесіне, музейдің Орталық Азиядағы қонақжайлық пен көші-қон тақырыптарын қамтитын “Қонақтар” экспозициясына шолу жасалады. Бұдан бөлек, TikTok LIVE пен ALMA көрерменнің тікелей эфирде қолдау көрсетуіне мүмкіндік беретін Almaty Museum of Arts-тан шабыт ала отырып жасалған арнайы Artist виртуал сыйлығын ұсынып отыр.


Гаухар Сатпаева, Almaty Museum of Arts коммуникациялар жөніндегі директоры: «Бүгінде өнердің музей қабырғасынан шығып, цифрлық кеңістіктегі тірі диалогтың бір бөлігіне айналып жатқанын көріп отырмыз. TikTok LIVE-пен жасалған коллаборация — өнердің бұрынғыдан да ашық әрі демократиялық бола түсуін көрсететін жаһандық трендке берілген жауап. Қазіргі көрерменге экспонатқа жай ғана қарау жеткіліксіз — оған сапалы сторителлинг пен оқиғаға өзін қатысушы ретінде сезіну маңызды. Тікелей эфирлер сияқты құралдарды пайдалану бізге күрделі мәдени контексті кең аудиторияға бейімдеп, оны қолжетімді ете отырып, интеллектуалдық құндылығын сақтауға мүмкіндік береді.


Қазір елімізде жергілікті өнерге деген қызығушылықтың қуатты толқыны байқалады. Almaty Museum of Arts музейінің MoMA-мен бір бағдарлама аясында ұсынылуы — қазақстандық арт-сахнаның әлеммен бір тілде сөйлесетінінің дәлелі. Біз Алмагүл Меңлібаеваның ретроспективасынан бастап, «Қонақтар» жобасындағы қонақжайлық туралы ой-толғамдарға дейінгі мәдени кодтарымызды ең өзекті коммуникация арналары арқылы жеткізіп келеміз. Бұл — жаһандық деңгейде танымал бола отырып, өзіміздің бірегей болмысымызды сақтаудың заманауи тәсілі».


Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін TikTok-та арнайы Museums Come Alive парақшасы пайда болады, ол жерде эфирлер анонсын қарап, жобаға қатысушы музейлермен танысып, трансляцияларға өтуге болады.


«Біз TikTok қауымдастығының мәдени және танымдық контентке қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Museums Come Alive бастамасы мұражайлар мен өнерді аудиторияға жақындатып, цифрлық буынға түсінікті әрі ыңғайлы пішімде ұсынуға мүмкіндік береді. LIVE-трансляциялар арқылы пайдаланушылар өздерін мұражай ішінде жүргендей сезініп, өнер мен тарихқа жаңаша көзқараспен қарай алады. Қазақстанның Museums Come Alive бастамасына қатысуы елдің мәдени мұрасын халықаралық TikTok қауымдастығына таныстырып, Қазақстандағы мұражайлар мен өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді», – дейді Дина Хамза, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ өңірлері бойынша TikTok LIVE менеджері.


Сонымен қатар TikTok жақында TikTok's 2026 Museum Insights Report зерттеуін ұсынады – онда соңғы жылда #MuseumTok қауымдастығына шабыт берген басты трендтер мен оқиғаларға шолу жасалады.


bottom of page