top of page

Almaty Museum of Arts «Қиылыстағы мұражай» деректі фильмін ұсынады

Фильм Almaty Museum of Arts мұражайының қалыптасу жолынан сыр шертеді: жобаның негізін қалаушылардың (кәсіпкер, меценат әрі коллекционер Нұрлан Смағұлов пен оның жұбайы Мәдина Смағұлованың) идеясы мен ішкі түйсігінен басталып, әлемдік мәдени картада өзіндік орны бар бірегей кеңістіктің өмірге келуіне дейінгі үдерісті көрсетеді.
render-East_Entrance.png

2026 жыл 15 қаңтар, Алматы — Almaty Museum of Arts Қазақстандағы ең маңызды мәдени жобалардың бірінің дүниеге келу тарихын әсерлі баян ететін «Қиылыстағы мұражай» деректі фильмінің көрсетілімдері басталатынын қуана хабарлайды. 

Фильм Almaty Museum of Arts мұражайының қалыптасу жолынан сыр шертеді: жобаның негізін қалаушылардың (кәсіпкер, меценат әрі коллекционер Нұрлан Смағұлов пен оның жұбайы Мәдина Смағұлованың) идеясы мен ішкі түйсігінен басталып, әлемдік мәдени картада өзіндік орны бар бірегей кеңістіктің өмірге келуіне дейінгі үдерісті көрсетеді. Көрермен ХХ ғасырдағы қазақ өнеріне жататын жеке коллекцияның қалайша мұражайдың негізіне айналғанына, бүгінде оның мыңдаған қонақ қабылдайтын орта ретінде қалыптасқанына куәгер болады. Фильм төрт жыл бойы түсірілді. Режиссері – деректі фильмдердің авторы, журналист әрі продюсер Андрей Лошак. Төрт жылдық жұмыс Андрей Лошаққа мұражайдың құрылу процесін – алғашқы шешімдерден бастап, 2025 жылғы 12 қыркүйектегі ашылуына дейінгі кезеңді іштен бақылап, таспаға түсіруге мүмкіндік берді.

«Бұл мұражай көптен бергі арманымның ғана емес, қоғам мен ел алдындағы белгілі бір борышымды өтеудің де көрінісі іспетті. Әлем аралап, ірі мұражайларды көрген сайын Алматы дәл осындай кеңістікке, яғни, өнер қолжетімді болатын, адамдар бас қосып, мәдениет туралы жаңа әңгіме басталатын орынға лайық деп ойлайтынмын», – дейді Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Фильм сондай-ақ тек сәулеттік шешімдер мен Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысындағы ғимарат құрылысы ғана емес, идеяның тууы мен ізденістен бастап, көпсатылы логистика мен шебер кураторлық шешімдерге дейінгі үдерісті, яғни, өнер туындыларының күрделі әрі көбіне көзге көрінбейтін жолынан хабардар етеді. Кадрда Яёи Кусама, Билл Виола, Ричард Серра, Ансельм Кифер, Жауме Пленса, Йинка Шонибаре және Алисия Кваде сынды есімі күллі әлемге мәшһүр шеберлер еңбектерінің қазақстандық өнермен диалогы көрсетіледі.

Бұл әңгіме мұражайдың дәл осы жерде орналасуы неліктен маңызды екені туралы; кеңістіктің өнермен қалай «жұмыс істей» бастайтыны жайлы; және онымен жүздесу біздің қабылдауымызды неге өзгерте алатыны жөнінде болмақ.

«Бұл оқиғаны қалың көрерменмен бөлісу бақыты туғанына қуаныштымыз. Фильм мұражайдың ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік беріп, өнерге деген жеке құштарлықтың қалайша ортақ мәдени игілікке айналатынын, сондай-ақ Алматыны жаһандық көркемдік диалогқа қалай ашатынын сезінуге шақырады», – дейді Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева.

Фильмнің хронометражы – 1 сағат. Көрсетілімдер 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында мұражайдың Әл-Фараби залында (2-қабат) төменде көрсетілген кесте бойынша өтеді. Сеанстар қазақ және ағылшын тілдеріндегі субтитрлермен ұсынылады. 


Сеанс уақыттары:

- Жұмыс күндері 17:15-те (қазақ тіліндегі субтитрлермен),18:45-те (ағылшын тіліндегі субтитрлермен)

- Демалыс күндері 11:15, 14:15, 17:15-те (қазақ тіліндегі субтитрлермен),12:45, 15:45, 18:45-те (ағылшын тіліндегі субтитрлермен). 


Көрсетілім мұражайға кіру билеті бар барлық келушілерге тегін жүзеге асырылады.


«Қиылыстағы мұражай» – мұражай мен оның топтамасы туралы қос деректі фильмнің алғашқысы. 2026 жылдың көктемінде қазақстандық алпысыншы жылдар буынына жататын суретшілер туралы екінші фильмнің премьерасы өтеді. Бұл фильм кеңестік кезеңдегі қазақ өнерінің өзіндік, қайталанбас стилін қалыптастырған буынның жарқын өкілдеріне арналған.

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын жаңа мұражайдың қалай дүниеге келгенінен хабардар болып, арманның ақиқатқа айналған сәтін сезіну үшін көрсетілімдерге шақырамыз.

bottom of page