Almaty Museum of Arts — Қазақстандағы алғашқы заманауи өнер мұражайы 12 қыркүйекте ашылады.
Almaty Museum of Arts ашылуымен Орталық Азия өнерінің жаңа дәуірі басталды.

Алматы, Қазақстан | 2025 жылдың 9 қыркүйек – Кәсіпкер, меценат және коллекционер Нұрлан Смағұлов негізін қалаған заманауи өнер мұражайы 2025 жылдың 12 қыркүйегінде көпшілік үшін ресми түрде есігін ашады. Бұл оқиға еліміздің және бүкіл өңірдің мәдени өмірінде жаңа тараудың басталғанын білдіреді.
Аумағы 10 060 м² құрайтын мұражай ғимаратын британдық Chapman Taylor сәулет фирмасы жобалаған. Бірінші қабатта кең көрме алаңдары, оның ішінде «Ұлы Дала» (аумағы 1000 м² және төбе биіктігі-12 м) және «Сарыарқа» (520 м²) залдары орналасқан. Сондай-ақ әйгілі суретші Ричард Серраның жұмысына арналған аумағы 550 м² құрайтын зал да бар. Мұражай ғимаратында кең көрме залдары ғана емес, сонымен бірге Шарын шатқалының табиғи сипатын көрсететін, аумағы 1112 м² жарық орталық кеңістік — «Өнер көшесі», «Әл-Фараби» көпфункционалды залы, кәсіби қор сақтау орны, қалпына келтіру залы және «Шеберхана» шығармашылық кеңістігі бар. Сондай-ақ, келушілерге арналған кафе мен дүкен де қарастырылған.
Екінші қабат заманауи шеберлердің экспозицияларына берілді. Келушілер Яеи Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер сияқты көрнекті суретшілердің туындыларын тамашалай алады. Сонымен қатар, екінші қабатта «Алатау» және «Әл-Фараби» залдары орналасқан.
Соңғысы 180 м2 көлемдегі бірегей өзгермелі кеңістікті құрайды, бұл оны әртүрлі іс-шаралар мен экспозицияларға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Ғимараттың сәулетін британдық Chapman Taylor бюросы әзірлеген, инженерлік жүйелерге Buro Happold, мұражайды жоспарлауға Lord Cultural Resources мамандары жауапты болды. Мұражайдың визуалды бейнесі тау ландшафты мен заманауи қаланың үйлесіміне негізделген. Ғимараттың сәулет тұжырымдамасы екі L тәрізді құрылымнан тұрады: оның бірі Юра дәуірінің әктастарымен қапталған – бұл таулардың табиғи қуатын бейнелейді, ал екіншісі қазіргі қаланың қарқынды ырғағын көрсететін алюминий панельдермен жабылған.
Мұражайдың жасыл желекке оранған аумағында ашық аспан астындағы мүсіндер, субұрқақтар мен демалыс аймақтары орналасқан. Олар өнер мен жайлы демалыс үшін тамаша үйлесімді орта қалыптастырады.
Almaty Museum of Arts өзінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың ерекше топтамасын ұсынады. Нұрлан Смағуловтың жеке коллекциясынан Қазақстан, Орталық Азия және басқа елдерден 700-ден астам өнер туындысы мұражай қорына таңдап алынды.
Біздің миссиямыз – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің дамуына қолдау көрсетіп, оның әлемдік мәдениеттегі орнын айқындау. Мұражай өткенімізді зерттейтін, бүгінімізді талқылайтын және болашаққа батыл қадам жасайтын динамикалық мәдени кеңістік ретінде құрылған. Бұл жобаның көркемдік стратегиясы мен бағдарламалық тұжырымдамасы мұражайдың көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиеваның жетекшілігімен дайындалды.
Мұражай негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов: «Өнер менің өміріме үлкен әсер етті. Сондықтан мен Almaty Museum of Arts мұражайы басқаларға да осындай шабыт пен жанашырлық сыйлайды деп шын жүректен үміттенемін. Келушілердің алғашқы пікірлері аймақтың мәдени мұрасын сақтаумен қатар, оның болашағы туралы ойлануға мүмкіндік беретін кеңістіктің маңыздылығын көрсетіп отыр. Мұндай ыстық ықылас мені шабыттандырады және мұражай білім, ашық диалог пен жаңа бастамалардың ордасына айналады деген сенімімді нығайта түседі».
Көрмелер:
Мұражай екі жобамен – өзінің жеке топтамасынан қойылған «Qonaqtar» және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық көрмесімен ашылады.
«Qonaqtar» – Almaty Museum of Arts мұражайының коллекциясы негізінде жасалған көрме (қыркүйек 2025 – тамыз 2027).
Мұражайдың бас кураторы Инга Лаце дайындаған «Қонақтар» көрмесі қонақжайлық дәстүрі мен көші-қон тақырыбын терең саралайды. Айша Ғалымбаеваның «Қойшылар тойы» (1965) мен Салихитдин Айтбаевтың «Тың өлкеде. Түскі ас» (1960-жылдар) сынды ұлы туындылар негізінде құрылған бұл көрме заманауи өнердің көрнекті өкілдері Ербосын Мелдібеков, Диляра Каипова мен Шыңғыс Айдаров секілді тұлғалардың шығармаларын ұштастыра отырып, болмыс, жер ауыстыру және өз тамырын іздеу мәселелерін ашып көрсетеді.
«Мен бәрін түсінемін» – Алмагүл Ме ңлібаеваның көрмесі (қыркүйек 2025 – мамыр 2026)
Қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның алғашқы ауқымды ретроспективасы «Мен бәрін түсінемін» көрмесі Бангкоктағы (Тайланд) Jim Thompson өнер орталығының кураторы және көркемдік жетекшісі Гридтия Гавивонгтың жетекшілігімен өтеді. Экспозиция Меңлібаеваның 1980-жылдардың соңынан бүгінге дейінгі шығармашылық жолындағы негізгі кезеңдерін қамтиды. Кескіндеме, фотосурет және иммерсивті бейнеинсталляциялар арқылы Меңлібаева феминизм, экология, тұлғалық саясат және Орталық Азия мифологиясы тақырыптарын зерттейді.
Суретшілер залдары:
Almaty Museum of Arts біздің өңір үшін заманауи өнердің негізгі шеберлері – Ричард Серра, Ансельм Кифер, Яёи Кусама және Билл Виоланың жұмыстарын тікелей көруге мүмкіндік береді. Олардың жұмыстары әр суретшіге арналған арнайы залдарда қойылған, бұл келушілерге олардың әлемі мен шығармашылық мұрасына терең енуге мүмкіндік береді.
Ричард Серраның «Қиылыс» (2011) мүсіні — американдық мүсіншінің тірі кезінде келісімімен жаңа орынға орнатылған соңғы ауқымды туындысы. Салмағы 155 тоннаны құрайтын алып, иілген болат табақтардан тұратын бұл мүсін өзіндік лабиринке ұқсайтын кеңістік. «Қиылыс» келушіні жай ғана бақылаушы емес, керісінше белсенді қатысушы болуға шақырады. Мұнда сіз тек жұмысқа қарап қана қоймай, ішінде жүріп, мүсіннің салмағын, ауқымын және бос кеңістіктің маңыздылығын сезінесіз.
Неміс суретшісі Ансельм Кифер өзінің іргелі «Бұл жазбалар өртенгенде, ақыры бәрі анық болады» (2020-2021) атты кенебінде кескіндеме мен мүсін арасындағы шекараны бұзып, материал ретінде ағаш, өртенген кітаптар, көмір, эмульсиялар және басқа да дәстүрлі емес материалдарды пайдаланды. Алғаш рет 2022 жылы Венеция биенналесі кезінде Палаццо Дукале сарайында көрмеде қойылған туынды тарих, күйреу мен қайта өрлеу туралы толғанады.
Жапон суретшісі Яёи Кусама келушілерді өзінің таңғажайып туындысы – «Шексіздік бөлмесіне» шақырады. Бұл қараңғы айна кеңістігінде суретшіге тән бұршақ өрнектері жан-жақтан жарқырап, шексіздік әсерін тудырады. Мұражайда ұсынылған «Махаббат шақырады» (2013) инсталляциясы оның шығармашылығының шыңы болып саналады. Инсталляция ішінде жүрген көрермендерді Кусаманың жапон тілінде оқыған махаббат туралы өлеңі құшағына алып, суретшінің таңғажайып әлеміне шақырады.
Американдық бейнеөнердің пионері Билл Виоланың «Тұрақтар» (1994) инсталляциясы бес экраннан және бес қара гранит тақтадан тұрады. Автор сопылық философиядан шабыт алып, адамның ішкі жағдайы туралы ой толғауға шақыратын медитативті кеңістік жасаған.
Ашық алаңдағы өнер
Мұражайға арнап жасаған мүсіндер келушілерді музей алаңында қарсы алады.
Маңғыстаудағы Торыш «Шарлар алқабы» берлиндік суретші Алисия Кваденің «Препозиция» (2023) атты алып туындысын жасауға шабыт берді. Жердің түкпір-түкпірінен әкелінген 16 түрлі табиғи тастан жасалған алып сфералардан және металл құрылымнан тұратын композиция ауыр материяны кеңістік, тартылыс күші және адамның Әлемдегі орны туралы поэтикалық толғанысқа айналдырады.
Алматылықтардың ерекше ілтипатына ие болған, Әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарының қиылысында орнатылған, қазақы бұрымды қыздың он екі метрлік портреті – испандық мүсінші Жауме Пленсаның «Надэс» (2023) туындысы қалалық қарқынның ортасында тыныштық пен ой толғау сәтін сыйлайды.
Британ-нигериялық суретші Йинка Шонибаре мұражай үшін желге толы желкенге ұқсайтын сегіз метрлік алюминий композициясы «Жел мүсіні (ҮҰ) II» туындысын жасады. Анкара маталарынан шабыт алған суретші өзінің шығармашылығында орталық орын алатын мәдени бірегейлік және от аршылдық мұра тақырыптарын қозғап, жарқын қол бояуын қолданады.
Тұрақты коллекция
Топтаманың 70%-дан астамы XX ғасырдағы танымал қазақстандық суретшілер – Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мактум Қисамедин және Шаймардан Сәриевтің туындыларынан тұрады. Сондай-ақ топтамаға Қазақстанның заманауи өнерінің алғашқы қарлығаштары – Рустам Хальфин, Сәуле Сүлейменова және Саид Атабековтің жұмыстары кіреді. Орталық Азия заманауи өнерінің кеңейіп келе жатқан топтамасына Өзбекстаннан Саодат Исмаилова мен Қырғызстаннан Жазгүл Мадазимованың шығармалары да енген.
Орталық Азия өнерінің өсіп келе жатқан топтамасы Диляра Каипова (Өзбекстан) және Жазгүл Мадазимова (Қырғы зстан) сияқты суретшілердің туындыларымен ұсынылған. Ал халықаралық мәдени диалогты дамыту мақсатында коллекцияда Хадим Али (Аустралия), Сюй Чжэнь (Қытай), Жаде Фадоютими (Ұлыбритания) және жаһандық арт-сахнаның басқа да көрнекті өкілдерінің туындылары қамтылған.
Топтамамыз Бақыт Бубиканова, Елена мен Виктор Воробьевтер және Саян Байғалиев сияқты дарынды суретшілердің жаңа туындыларымен толықтырылды. Мұражай алдағы уақытта Қазақстан мен аймақтың заманауи өнерін әлемдік деңгейде танытып, оны сақтау, зерттеу және насихаттау миссиясын жалғастыра береді.
Болашақта ұйымдастырылатын бағдарламалар
Мұражай үнемі жаңарып отыратын көрмелермен, халықаралық жобаларме н және серіктес мекемелермен бірлесе ұйымдастырылатын арнайы көрмелері, шығармашылық шеберханалары мен қалпына келтіру зертханасымен қамтылған тірі мәдени орталық ретінде ойластырылған. Осы бағдарлама аясында біз әлемнің жетекші институттарымен, соның ішінде Tate Modern (Лондон) және Getty Foundation (Лос-Анджелес) сияқты ұйымдармен ынтымақтаса отырып, зерттеу бастамаларын іске қосамыз. Алғашқы жобалар 2025 жылдың қазан айында басталады.
Біздің әлеуметтік желілердегі парақшамызға жазылыңыз:
Instagram: https://www.instagram.com/almatymuseumofarts/
TikTok: https://www.tiktok.com/tag/almatymuseumofarts