top of page

Almaty Museum of Arts «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» атты ауқымды көрме ұсынады

render-East_Entrance.png

Алматы, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Almaty Museum of Arts-та (ALMA) жаңа маусымдағы басты көрмелердің бірі «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесінің ашылады.

Алматы, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Almaty Museum of Arts-та (ALMA) жаңа маусымдағы басты көрмелердің бірі «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесінің ашылады. Көрме ALMA-ның бір жылдығын атап өту аясындағы елеулі оқиғалардың біріне айналмақ. Көрменің серіктесі – Atasu Group компаниялар тобы.


«Сарыарқа» залындағы экспозиция бірнеше буын өкілдері саналатын суретшілердің қолынан шыққан 50-ден астам туындыдан құралған. Олардың қатарында Хәкімжан Наурызбаев, Исаак Иткинд, Еркін Мергенов, Мәдина Жолдыбек, Рысбек Ахметов, Молдақұл Нарымбетов, Ербосын Мелдібеков, Аружан Жұмабек және басқа да шеберлер бар. Көрмеге өнертану ғылымдарының докторы Әлия Тизенгаузен кураторлық етті.


Қазақстан өнерінің тарихында мүсін өнері маңызды орын алады. Алайда оған арналған ауқымды музей жобалары әлі күнге дейін сирек ұйымдастырылады. «Мүсіндер» көрмесі соңғы онжылдықтардағы Қазақстан мүсін өнерін қамтитын ең ауқымды зерттеу жобаларының біріне айналары хақ. Экспозиция кеңес кезеңіндегі академиялық туындылардан бастап қазіргі суретшілердің экспериментал ізденістеріне дейінгіні қамтиды.


Десе де көрме Қазақстан мүсін өнеріне толыққанды тарихи шолу жасамайды: жетпіс жылды бір ғана жоба аясында түгел қамтып шығу мүмкін емес. Сондықтан куратор хронологиялық баяндаудың орнына тақырыптар бойынша түрлі көзқарас ұсынады. Оның өзегінде адамның тәні және оның қоғам, жад һәм тарихпен байланысы тұр.


Көрменің атауындағы қазақтың «мүсін» сөзі бір жағынан өзімізге үйреншікті өнерге қатысты мағынада қолданылса, екінші жағынан ол адамның  «сымбаты, бітімі» деген сөздер орнына да жұмсалады. Адам денесін бейнелеу арқылы экспозиция қоғам, отбасы, тарихи жад және ХХ ғасырдың екінші жартысынан бүгінгі күнге дейін Қазақстанда болған өзгерістер туралы баяндайды.


«Егер көрме тұтастай алғанда Қазақстанның соңғы жетпіс жылдық тарихын қысқаша шолып шықса, әрбір жеке туынды әр буын суретшілерінің мүсін өнері туралы түсініктің кеңеюіне қалай ықпал еткенін көрсетеді. Яғни мүсін қандай болуы мүмкін, қандай материалдармен жұмыс істеген жөн және өнер атаулы нендей дүниелерді қаузайды деген сұрақтарға жауап іздейді», – дейді көрме кураторы Әлия Тизенгаузен.


Almaty Museum of Arts көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева былай дейді: «Біз үшін музейлер мен жеке коллекциялардан, қорлардан, галереялар мен суретшілер шеберханаларынан жиналған туындыларды бір кеңістікке жинақтап, Қазақстандағы мүсін өнерінің дамуының сан алуан бағытын көрсету маңызды болды. Сонымен қатар көрме тек тарихты ғана қамтымайды: жобаға арнап бес жаңа туынды жасалды. Бұл – ALMA стратегиясының маңызды бөлігі. Біз көркем мұраны зерттеп қана қоймай, заманауи суретшілердің жаңа туындылар жасауына да қолдау көрсеткіміз келеді».


Экспозиция төрт түрлі тақырыпты қаузайтын  бөлімге бөлінген.


«Қарама-қайшылықтар ойыны?»

Көрменің алғашқы бөлімі 1950 жылдардың соңынан 1990 жылдардың басына дейінгі кезеңге арналған. Мұнда ресми түрде мойындалған өнер мен суретшілердің шеберханаларында еркін дамыған шығармашылық арасындағы қайшылық қарастырылады. Исаак Иткиндтің ағаштан жасалған мүсіндері мен Еркін Мергеновтің «Автопортрет» (1971) атты қола туындысы кеңес кезеңі көркемдік жүйесінің ішінде мүсін өнерінің неғұрлым дара тілінің қалай қалыптасқанын көрсетеді.


«Отбасы және ұрпақтар байланысы»

Бұл бөлім адам денесін ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас, ана бейнесі және отбасылық жылу арқылы қарастырады. Мұнда, атап айтқанда, Лия Колотилинаның «Бақыт» (1989) және Асқар Есенбаевтың «Эмбрион» (1995) атты туындылары ұсынылған. Соңғы жұмыста дүниеге әлі келмеген шарана тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын бастан өткеріп жатқан жас мемлекеттің контекстінде ерекше мәнге ие болады.


«Тарих және миф жасау»

«Тарих және миф жасау» бөлімі адам тұлғасының ұлттық жадты қалыптастырудағы маңызына назар аударады. Молдақұл Нарымбетовтің балбалдары көне түркілерге тән визуал дәстүрді заманауи өнер тілімен ұштастырады. Ал Ербосын Мелдібековтің «Белгісіз батырға қойылған ескерткіш» (1997) атты туындысы қаһармандардың бейнесі қалай қалыптасатыны және уақыт өте келе қалай өзгеретіні туралы ой тастайды.


«Дене және қоғам: қабылдау ма, қарсылық па?»

Көрменің қорытынды бөлімі адам денесін жеке тәжірибе, мәдениет пен саясат тоғысатын кеңістік ретінде қарастыратын заманауи суретшілердің шығармашылығына арналған. Мұнда көп жағдайда елеусіз қалып қоятын немесе ашық айтыла бермейтін тақырыптар көтеріледі.


Зоя Фалькованың «Evermust» («Парыз») (2017) жұмысында бокс тұлыбы әйел кеудесіне ұқсас пішінде көрсетілген. Суретші осы образ арқылы гендер рөлдеріне және қалыптасып қалған түсінік әйелдің төзімді, көнбіс болуына, зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдауына қалай ықпал ететініне назар аударады.


Ал Мәдина Жолдыбектің «Ас болсын» (2022–2026) инсталляциясында мүсіндеудің ұжымдық тәжірибесі – манты жасау үдерісі қарастырылады. Көз алдымызда «жеуге болатын мүсінге» айналған мантыны бірге дайындау түрлі жастағы әйелдердің басын қосатын өзіндік рәсімге айналады.


Жоба Қазақстанның көркем мұрасын сақтауға және оны жаңа қырынан қайта ой елегінен өткізуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде дамытып келе жатқан Atasu Group компаниясының қолдауының арқасында жүзеге асырылды.


Компанияның негізін қалаушы Марат Жұман: «Atasu Group логистика саласында жиырма сегіз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз елдерді байланыстырамыз. Бірақ жай ғана бағыт салумен шектелмейміз. Шынайы байланыс адамдардың арасында пайда болады. Ал бұл енді логистика ұғымынан кең дүние. Сондықтан біз осындамыз. Біз өз қолымыздан келетін істі жасаймыз. Байланыстырамыз. Тек бұл жолы қалаларды емес, адамдарды байланыстырамыз. «Мүсіндер»: Қазақстан мүсін өнерінің жетпіс жылы – елуінші жылдардан бүгінге дейін. Оған қарап елдің қалай өзгергенін көруге болады. Өзіміздің қалай өзгергенімізді де. Бұл да өзінше бір жол, тек уақыт ішіндегі жол», – деді.


Almaty Museum of Arts туындыларды ұсынған Қазақcтан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейіне, Satbayev University-ге, сондай-ақ басқа да мемлекеттік, институционал және жеке коллекцияларға алғыс білдіреді.


Мұрағаттар мен бейнематериалдарды ұсынғаны үшін «Кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттік архиві» республикалық мемлекеттік мекемесіне ризашылығымызды білдіреміз.


Көрме 2026 жылғы 8 қыркүйектен 2027 жылғы мамырға дейін жалғасады.


Көрмеге орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде иллюстрацияланған каталог жарық көреді. Басылымда Әлия Тизенгаузен, Валерия Ибраева және Александра Цайдың мәтіндері ұсынылады.


bottom of page