Almaty Museum of Arts пен Кореяның Ұлттық заманауи өнер музейі ауқымды серіктестік орнатып, бірге көрме өткізетінін жариялады
.jpeg)
Almaty Museum of Arts пен Кореяның Ұлттық заманауи өнер музейі Алматыда кәріс заманауи өнеріне арналған көрме өткізеді.
Сеул, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Almaty Museum of Arts пен Кореяның Ұлттық заманауи өнер музейі Алматыда кәріс заманауи өнеріне арналған көрме өткізеді. 15 қыркүйек күні Корея Республикасына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Сеулде Almaty Museum of Arts (ALMA) пен Кореяның Ұлттық заманауи өнер музейі (MMCA) өзара серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Оңнан солға қарай: Су Чжон Кан (ММСА), Соён Ли (ММСА), Сон-Хи Ким (ММСА директоры), Нұрлан Смағұлов, Меруерт Қалиева.
Негізгі жоба – 2027 жылдың күзінде, Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённың Қазақстанға сапары қарсаңында ALMA залдарында ашылатын кәріс заманауи өнерінің ауқымды көрмесі.
Бұл меморандум екі музей арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа жол ашады. Музейлер кәсіби тәжірибе алмасып, зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізеді, көпшілікке арналған білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ көрме жобаларын жүзеге асырады. Көрменің кураторлары – Соён Ли (MMCA) мен Инга Лаце (ALMA).

ALMA-ның көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева мен MMCA директоры Сон-Хи Ким (Sung-Hee Kim).
Қос институция Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның өнер салалары арасындағы тарихи байланыстарды, сондай-ақ екі елдегі қазіргі өнер тәжірибесін зерттеуге уағдаласты. ALMA-да өтетін көрме Корея Республикасы мен О рталық Азияның қазіргі өнері арасындағы байланысты көрсетіп, ХХ ғасырдың ортасынан бүгінге дейінгі көркемдік тәжірибелердің даму жолын қамтиды. Көрмеде Орталық Азиядағы корё-сарамның тарихы мен өнердегі ізденістеріне ерекше назар аударылады. Олардың шығармалары диаспора, мәдени жад һәм болмыс мәселелерін қозғайды.
«Азиядағы беделді музейлердің бірі саналатын MMCA-мен серіктестік орнату – Almaty Museum of Arts-тың Орталық Азияны жаһандық мәдени кеңістікпен байланыстыратын халықаралық өнер орталығы ретіндегі миссиясын айқындай түседі. 2027 жылғы көрме жай ғана өткенге шолу жасап қоймай, екі елдің тарихи жадын және қазіргі өнер тілін зерделеуге мүмкіндік беретін бірегей алаң болмақ», – дейді Almaty Museum of Arts-тың көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева.
Көрменің толық бағдарламасы, ол жерде туындылары қойылатын өнер иелері мен аталған серіктестік аясында өтетін білім беру іс-шараларының тізімі 2027 жылдың көктемінде жарияланады.