Almaty Museum of Arts Билл Виоланың Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды көрмесін ұсынады

Almaty Museum of Arts Билл Виоланың Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды көрмесін ұсынады.
Алматы, 2026 жылғы 29 маусым – 2026 жылғы 1 шілдеде Almaty Museum of Arts (ALMA) «Билл Виола: Уақыт кеңістігі» атты көрме ашады. Бұл – бейнеөнердің негізін қалаушылардың һәм заманауи өнердегі аса ықпалды тұлғалардың бірі саналатын Билл Виолаға (1951–2024) арналған Орталық Азиядағы тұңғыш ауқымды жоба. Көрме Halyk Bank-тың стратегиялық қолдауымен жүзеге асып отыр.
Көрме Bill Viola Studio (Калифорния) студиясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оның кураторы – Bill Viola Studio директоры, суретшінің жары әрі ұзақ жылдар бойғы шығармашылық серіктесі Кира Перов.
«Билл Виола көрмесінің ашылуы Almaty Museum of Arts үшін ғана құнды емес, тұтас Орталық Азия үшін тарихи оқиға. Біз бұл музейді Қазақстанды жаһан өнер кеңістігімен байланыстыратын, әлем мойындаған жауһарларды елге әкелетін мәдени платформа ретінде құрдық. Билл Виола – медиаөнердің мүмкіндіктері туралы түсінікті түбегейлі өзгерткен абсолют классик. Оның философияға қанық еңбектері адамзат көкейіндегі мәңгілік сұрақтарды қаузап, кез келген көрерменге ой салады. Осындай ауқымды жобаны өңірде алғаш болып таныстыру – біз үшін зор мәртебе», – дейді Almaty Museum of Arts музейінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова былай деп атап өтті: «Қазіргі әлемде мемлекеттер арасындағы бәсеке тек инвестиция, технология мен таланттар үшін ғана емес, сонымен бірге мәдени ортаның сапасы үшін де жүріп жатыр. Қоғамның ашық ойлауын, креативтілігін және жаңа нәрсе жасау қабілетін дәл осы мәдениет қалыптастырады. Halyk-т а біз елдің мәдени өмірін байытатын және әлемдік деңгейдегі көрнекті есімдермен танысуға мүмкіндік беретін бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеміз. Билл Виоланың көрмесі – өнерге, адамға және уақытқа жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі оқиға. Біз Қазақстанның мәдени кеңістігін дамытуға өз үлесімізді қосып, мұндай жобаларды қалың бұқараға паш ете алғанымызға қуаныштымыз».
«Уақыт кеңістігі» көрмесі 1977–2013 жылдар аралығында дүниеге келген 18 туындыны бір арнаға тоғыстырады, сонысымен ол Орталық Азияда тұтастай бейнеөнерге арналған алғашқы ауқымды көрме болмақ. Экспозиция «Ұлы Дала» залын, Өнер көшесі кеңістігін және Суретшілер залының (2-қабат) бір бөлігін қамтып, көрерменге Билл Виоланың шығармашылық тілінің қалыптасу жолына бойлауға жол ашады. Бұл бейнеөнердегі алғашқы тәжірибелерінен бастап, ауқымды көпарналы инсталляцияларына дейінгі эволюциясын тамашалауға мүмкіндік береді.
Қырық жылдан астам уақыт бойы Билл Виола бейнені көркемдік медиум (құрал) ретінде жаңа деңгейге көтеріп, оның мүмкіндіктерінің шекарасын кеңейтті. Өмір мен өлім, жады мен сана, уақыт пен адамның дүниені қабылдауы сияқты мәңгілік тақырыптарға ден қойған суретші қозғалыстағы бейнені көрермен терең эмоциялық әрі физикалық деңгейде сезіне алатын ерекше кеңістікке айналдыра білді.
Көрмені «От құшағындағы әйел» (Fire Woman, 2005) және «Тристанның көкке көтерілуі (Сарқырама астындағы тау үні)» (Tristan’s Ascension (The Sound of a Mountain Under a Waterfall), 2005) аталатын суретшінің ең ауқымды екі бейне инсталляциясы ашады. Бұл туындылар режиссер Питер Селларс Лос Анжелес филармониясымен бірлесіп сахналаған Рихард Вагнердің «Тристан мен Изольда» операсына арнап жасалған. Бұл инсталляциялар операның соңғы актісін сүйемелдеп, махаббат трагедиясы аяқталып, кейіпкерлердің жердегі өмірден тыс әлемде тоғысқан сәтін бейнелейді.
«От құшағындағы әйел» инсталляциясында қараңғылық қойнауынан жалғыз әйел бейнесі баяу көтеріліп, көрерменге қарай жақындайды. Екі қолын жоғары көтерген сәтте ол өз бейнесі шағылысқан тұсқа құлап, сол бейне оның тұлғасын жұтып қояды да, елеске ұқсас мұнарланған сағымға айналдырады. Осылайша туынды бар болу мен жоғалу, материалдық және бейматериалдық дүниенің арасындағы нәзік шекара жайындағы поэтикалық толғанысқа айналады.
«Тристанның көкке көтерілуі» инсталляциясында суретші жердегі өмірмен қоштасқан жанның мәңгілік сапарға аттануын көркем бейнелейді. Тас төсеніште тыныстап жатқан ер адамның денесін табиғат заңына қайшы жоғары атқылаған су ағыны қоршап алады. Су сылдыры үдей келе, алып гуілге айналып, кейіпкердің тәні жарыққа қарай көтеріледі. Осылайша Билл Виола шығармашылығындағы ең әсерлі әрі эмоциялық қуаты аса күшті бейнелердің бірі дүниеге келеді.
Көрмедегі туындылар ішіндегі ең ескісі – «Шағылысқан хауыз» (The Reflecting Pool, 1977–1979/1997). Бұл жұмыс бейнеөнер тарихындағы маңызды белестердің бірі саналады. Бейнеде суға секірген сәтінде қимылсыз қатып қалған ер адамның бейнесі таспаланған, ал оның айналасындағы әлем үздіксіз өзгеріп жатады. Билл Виола шығармашылығында ерекше орын алатын су стихиясы мұнда жадының, сондай-ақ көрінетін және көрінбейтін әлемдердің арасындағы шекараның метафорасына айналады. Бұл туынды суретшінің балалық шағындағы жеке тәжірибесімен де сабақтас: ол бір кезде суға батып кете жаздаған, ал сол оқиға оның өмірі мен шығармашылығына терең із қалдырған.
«Көк пен Жер» (Heaven and Earth, 1992) жұмысында Билл Виола өмірге келу, өлім және тіршіліктің үзілмейтін жалғастығы туралы ой қозғайды. Инсталляция бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі монитордан тұрады. Бірінде суретшінің төсек тартып жатқан анасы бейнеленсе, екіншісінде жаңа дүниеге келген ұлы таспаланған. Бір-бірінен жіңішке ғана аралықпен бөлініп, өзара шағылысып тұрған бұл екі бейне адам өмірінің бастауы мен аяқталуын тоғыстырып, өмір мен өлімнің біртұтас, үзілмейтін айналымның бөлшегі екенін жеткізеді.
Көрмедегі негізгі туындылардың бірі – «Сал» (The Raft, 2004). Бұл – Билл Виоланың ең танымал жұмыстарының бірі. Инсталляцияда бір топ адам аяқ астынан лап қойған қуатты су ағынының астында қалады. Кадр ырғағының баяу болғанының арқасында суретші сынаққа тап болған бір топ адамның шарасыздығын пендеге тән осалдық, жанашырлық таныту мен бір-біріне сүйеніш бола білу сынды тақырыптар төңірегіндегі терең пайымға айналдырады.
Көрмеде Almaty Museum of Arts коллекциясына тиесілі «Тұрақтар» (Stations, 1994) инсталляциясы да ерекше орын алады. Ол музейдің екінші қабатындағы Суретшілер залдарының бірінде ұсынылған. Бұл туынды Билл Виола шығармашылығындағы өзекті тақырыптар мен көркемдік тәсілдердің тоғысқан тұсы саналады. Мұнда су өтпелі кезеңнің, ішкі өзге рістің символы ретінде көрініс табады. Ал инсталляцияның өзі экран шегінен шығып, кеңістік, бейне, дыбыс пен көрерменнің физикалық қатысуын біртұтас көркем тәжірибе іспетті күйге бөлейді .
Көрмені әзірлеу ұзақ уақытқа созылып, «Ұлы Дала» залының кеңістігін кешенді түрде бейімдеуді талап етті. Жобаға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген иллюстрацияланған каталог қоса ұсынылады. Басылымға өнертанушы Валентино Катрикаланың (Valentino Catricalà) Билл Виола шығармашылығына Шығыс философиясының ықпалы туралы жаңа эссесі, суретшінің медиаөнер кураторы әрі зерттеушісі Жон Жордж Хандхардтпен (John G. Hanhardt) 2001 жылы жазылған сұхбаты, сондай-ақ көрмеде ұсынылған туындыларға Билл Виоланың авторлық түсіндірмелері енген.
«Өзінің бүкіл шығармашылық жолында Билл бейне өнерінің барлық формалары мен техникалық мүмкіндіктерін зерттеді. Ол өнер иелері үшін 1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында ғана қолжетімді бола бастаған бұл жаңа құралдың әлеуетін байқап, бейнетаспамен тәжірибе жасаудан бастады. Оның алғашқы туындыларында ол камераны өзіне бағыттай отырып, біздің физикалық болмысымыз туралы мазалаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздеудің жолдарын қарастырды. Камера оның өз тәнінің жалғасы іспетті – ешқашан жұмылмайтын көз, тірі құрал болды. Бұл көрмеге қойылған жұмыстар қандай технология қолданылса да, қозғалыстағы бейненің орасан зор күшке ие екенін анық көрсетеді», – дейді Bill Viola Studio-сының директоры Кира Перов.