top of page

Қыркүйек айында Almaty Museum of Arts мұражайына 60 мың адам келді.

Almaty Museum of Arts мұражайының тың бастамасы
render-East_Entrance.png

Алматы, Қазақстан| 2025 жылдың 3 қазаны – Алматы өнер мұражайы қыркүйек айының қорытындысын жариялап, жұртшылықтың бұрын-соңды болмаған қызығушылық деңгейін көрсетті. Ашылғаннан кейін небәрі 19 күн ішінде мұражайды 60 000 адам тамашалады.


2025 жылдың 12 қыркүйегінде музейдің ашылуы нағыз мәдени дүмпу тудырып, алғашқы үш күннің өзінде 14 000 қонақ келген. Мұражайға деген жоғары қызығушылық қарқынның артуына ықпал етіп, айдың соңына қарай келушілер саны 60 мыңға жетті.


Музей директоры Татьяна Ходжаеваның айтуынша:

«Бұл сандар мұражайдың танымалдығын ғана емес, халықаралық деңгейдегі сапалы мәдени кеңістіктерге деген қоғамдық сұраныстың қалыптасуын көрсетеді.»


Almaty Museum of Arts мұражайы қонақтарына жүргізілген талдау маңызды деректі анықтады. Келушілердің жалпы санының 38%-ын 6 жасқа дейінгі балалар, мектеп оқушылары мен студенттер құрайды екен. Демек, бұл мұражайдың жаңа мәдени буын өкілдерін тәрбиелеудің орталығына айналып келе жатқанын және еліміздің мәдени кеңістігінде терең өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді.


Балалар мен жастар аудиториясының құрылымы:

  • студенттер – 24,6%

  • оқушылар – 10,7%

  • 6 жасқа дейінгі балалар – 3%


«Бұл көрсеткіштер Қазақстан мәдениетінің болашағы үшін стратегиялық маңызға ие. Біз заманауи өнер мұражайына бару өмірдің табиғи бөлігіне айналған ұрпақтың қалыптасуын бақылап отырмыз. 5–10 жылдан кейін жастар елдің мәдени күн тәртібін айқындайды, өз жобаларын жасап, өнерді қолдайды. Бүгін мұражайға келген әрбір оқушы мен студент ертең суретші, куратор, меценат немесе жай ғана эстетикалық талғамы дамыған әрі сыни ойлай алатын тұлғаға айналуы мүмкін», – деп мұражайдың негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов пікірін білдірді.


Мұражайға келушілердің жартысына жуығы (49%) стандартты билеттерді сатып алды. Бұл олардың сапалы мәдени тәжірибеге ақы төлеуге дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар Almaty Museum of Arts азаматтардың әртүрлі санаттары үшін қолжетімділік бағдарламаларын белсенді дамытып отыр. Қыркүйек айында музейге 2724 зейнеткер, 398 көпбалалы отбасы өкілі келді. Қолжетімді орта және тегін билеттер 322 ерекше қажеттілігі бар адамдардың мұражайға келуіне мүмкіндік берді.


Жұмыс күндері келушілер саны шамамен 3000 адамды құрады. Ал демалыс күндері бұл көрсеткіш 6000 адамға дейін өсті.

Келушілердің жоғары қызығушылығына әсер еткен негізгі факторлар:

  • Экспозиция сапасы. Коллекцияда қазақстандық суретшілердің де, әлемдік деңгейдегі шеберлердің де туындылары ұсынылған. Бұл Қазақстан өнерінің жаһандық контекске қатыстылығын айғақтайды;

  • Көп форматтылық пен кеңістіктің дизайны. Экспозициялардан бөлек, музейде демалыс аймақтары, ашық алаңдар, кафе, дүкен бар. Мұның барлығы әлеуметтік қарым-қатынасқа қолайлы, мәдени тәжірибені күнделікті өмірмен ұштастыратын заманауи әрі серпінді кеңістік жасайды;

  • Жаңашылдық әсері және маңызды оқиғаның бір бөлігі болу сезімі;

  • Әлеуметтік қолжетімділік икемді тарифтік саясатқа негізделген және барлық әлеуметтік топтардың өкілдеріне музейге баруға мүмкіндік береді.


«Алғашқы ай музейдің үлкен әлеуетін көрсетті, бірақ бұл жолымыздың басы ғана. Бізде білім беру бағдарламаларын кеңейту, халықаралық жобаларды дамыту жоспарымыз бар. 3–4 қазанда бізде «Қимыл мен ишара арқылы баяндалатын тарих: Перформанс, Орталық Азия және Кавказ» атты екі күндік панельдік пікірталастар мен перформанстар бағдарламасы өтеді. Бағдарлама Ұлыбританиядағы Tate Modern мұражайымен бірлесіп жасалды. Жобаға Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Армения, Литва, Ұлыбритания, АҚШ және Канададан суретшілер, зерттеушілер, кураторлар, ақындар мен жазушылар қатысады. Шара Hyundai Tate Research Centre: Transnational және Hyundai Motor қолдауымен ұйымдастырылған. Біздің мақсатымыз – жай ғана өнерді көрсету емес, оны өндіру, түсіну және қоғам өміріне енгізу үшін алаң құру», – деді музейдің көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева.



bottom of page