Almaty Museum of Arts құрылыс алаңындағы баспасөз туры
Журналистер мұражайдың құры лыс барысымен танысып, оның кеңейіп келе жатқан өнер топтамасы туралы ақпарат алды

2024 жылдың 4 маусымында Алматыда меценат және коллекционер Нұрлан Смағұлов ашқан Орталық Азиядағы алғашқы заманауи өнер музейі Almaty Museum of Arts құрылыс алаңына пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер құрылыс барысымен танысып, музей қорына қосылған жаңа туындылар туралы білді. Олардың ішінде Яеи Кусаманың «Шексіздік бөлмесі» және «Махаббат шақырады» (2013) туындылары, Ричард Серраның «Қиылыс» (2011) монументал мүсіні және Билл Виоланың «Станциялар» (1994) көпарналы видеоинсталляциясы бар.
Мұражайдың жобасын әлемнің 60-тан астам елінде жұмыстарымен танымал британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жасады. Ғимараттың сәулеті табиғат көрінісі мен Алматының қалалық кескінін шебер үйлестіре білген: әкпен көмкерілген L түріндегі корпус таудың белгісі болса, алюминиймен кескінделген екінші жағы қала көрінісін білдіреді.
Мұражайдағы ең негізгі элемент — төбесі 18 метр болатын және табиғи жарық түсетін кең қоғамдық кеңістік түріндегі Өнер көшесі. Өнер көшесі Орталық Азияның сәулет өнеріне тән ерекшеліктен бастау алады, аймақта ішкі аула негізгі сәулет элементі болып саналады. Тарихқа жүгінсек, мұндай аулада кездесулер өткен, сауда мен қоғам өмірі қыз-қыз қайнап жатқан. Almaty Museum of Arts Өнер көшесі мұражайдың түрлі аймағын бір-бірімен байланыстырып, құдды Орталық Азия аймағындағы дәстүрлі аула секілді келушілерді әңгімеге шақырады.
Пресс-тур кезінде меценат және Almaty Museum of Arts негізін салушы Нұрлан Смағұлов былай деді: «Біз Алматы мен Қазақстан мәдени бағдар болуына ұмтылып қана қоймай, музейдің халықаралық деңгейде маңызды институт ретінде мойындалуына қол жеткізгіміз келеді. Менің мақсатым — Алматы мен Қазақстанды әлем картасындағы маңызды мәдени орталыққа айналдыру».