top of page

Qonaqtar closing programme

Untitled.png

2026 ж. 9 тамыз

Билет алу

Art event in Almaty.

«Қонақтар» көрмесінің жабылуына орай өткізілетін іс-шара бағдарламасы
Тіркелу
Бағдарлама және тіркеу

Сіздерді қонақжайлық, көші-қон, жад пен Қазақстан халықтарының бәріне ортақ тарих сынды тақырыптарды қамтитын Almaty Museum of Arts музейінің алғашқы коллекциялық «Қонақтар» көрмесінің жабылу бағдарламасына шақырамыз.


Екі күнге созылатын бағдарлама суретшілер, зерттеушілер, музыканттар мен көрермендердің басын қосады. Экскурсиялар, дәрістер, шеберлік сабақтары мен перформанстар көрмені соңғы рет тамашалап, бір арнаға тоғысқан сан алуан оқиға мен естеліктерге жаңаша үңілуге мүмкіндік береді.


Жабылу бағдарламасындағы экскурсиялардан басқа барлық іс-шараларға музейге кірерде алған билетті көрсетіп-ақ тегін қатысуға болады. Экскурсия билеттерін музейдің сайтынан немесе кассасынан сатып алуға болады.


9 тамыз, жексенбі

13:00–16:00
Aşyq Şeberhana: Қонақтар коллаждары

«Қонақтар» көрмесіндегі туындылардан шабыт алып, пішін, түс пен композицияны еркін үйлестіре отырып, өз қағаз коллажыңды жаса.


15:00–16:00
Дәріс

Тәттігүл Картаева: «Құдықтарды интерпретациялау: жерасты суларын дәстүрлі пайдаланудың этноархеологиялық зерттеуі»

Дәріс қазақ тілінде өтеді.

Дәріс Қазақстанның дала және шөлейт өңірлеріндегі жерасты суларын дәстүрлі игеру тәсілдеріне және құдықтарды экологиялық білім мен мәдени жадының тасымалдаушысы ретінде қарастыру жайын баян етеді.

Этнографиялық және археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, Тәттігүл Картаева дәстүрлі құдықтардың алуан түрі, оларды салу технологиялары, суды пайдалану тәжірибесі, сондай-ақ ғасырлар бойы көшпелі және жартылай көшпелі қауымдардың шөлейт ландшафт жағдайында өмір сүріп, еркін қоныс аударуына мүмкіндік берген білім жүйесі туралы әңгімелейді.

Дәріс құдықтарға адам, су және дала арасындағы сан ғасырлық байланыстың ізін сақтап келе жатқан мәдени ландшафттың ажырамас бөлігі ретінде қарауды ұсынады.


Тәттігүл Картаева – этнограф, этнолог, тарихи антрополог, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты. Оның ғылыми зерттеу бағыттарына мәдени ландшафттар, адам, су және қоршаған орта арасындағы өзара байланыс, материалдық емес мәдени мұра, этноархеология және Қазақстандағы көшпелі қауымдардың экологиялық білімі жатады. Ол Қазақстанның шөлейт өңірлеріндегі дәстүрлі сумен қамтамасыз ету тәсілдері, шөлді өзен атырауларындағы егіншілік пен мал шаруашылығы ландшафттары, сондай-ақ ежелгі және қазіргі мәдениеттегі жануарлардың рөлі сынды тақырыптарды қаузаған ғылыми жобаларды басқарған. Тәттігүл Картаева – 300-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік жарияланымның авторы. Көп жылдан бері Сырдария мен Арал өңірінде, сондай-ақ Қызылқұмда этнографиялық зерттеулер жүргізіп келеді.


16:30–18:30

«Қазақстандағы гидрокосмология: өнер, экология және қамқорлық инфрақұрылымы» атты пікірталас

Қатысушылар: Әйгерім Қапар, Инга Лаце, Әсия Бағдәулет, Бриджит Пик

Artcom Platform платформасымен бірлесіп

Орыс және ағылшын тілдерінде

«Қазақстандағы гидрокосмология: өнер, экология және қамқорлық инфрақұрылымы» атты пікірталас Artcom Platform платформасының Art Collider × Water Futures мектебімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Ол Іле–Балқаш алабында және одан тыс өңірлерде суға деген қарым-қатынасты қалпына келтіру мен болашақты жаңаша қалыптастыру жолындағы ортақ жауапкершілікке үндейтін бастамаға үн қосады. Пікірталас қонақжайлық пен Қазақстандағы дәстүрлер жайын баян ететін алғашқы ауқымды «Қонақтар» көрмесінің қорытынды апталығында өтеді.

Кураторлық және көркем-зерттеу тәсілдерін тоғыстыратын бұл пікірталас Қазақстанның заманауи өнерінде судың қалай ұғым ретінде қалыптасып, қалай бейнеленіп және қалай қайта ой елегінен өткізілетінін зерделейді. Жергілікті экологиялық білімнен бастап экологиялық дағдарыс пен оның жады сынды дүниелерді қаузайтын бүгінгі көркем тәжірибелерге дейінгі судың көркемдік интерпретацияларын талдай отырып, қатысушылар суды мәдени білімнің тасымалдаушысы әрі суретшілер отарлық инфрақұрылымды, табиғи ресурстарды игеруді және экологиялық өзгерістерді пайымдайтын орта ретінде қарастырады.

Су айдындары мен су ландшафттарына назар аудара отырып, пікірталас олардың өзгерістері қауымдастықтар, экожүйелер және су арасындағы қарым-қатынастың қалай өзгеріп жатқанын, сондай-ақ микродеңгейдегі әлеуметтік үдерістерді қалай ашып көрсететінін талқылайды. Музей қорларына, қазақ киносына және заманауи көркем бастамаларға сүйене отырып, бұл пікірталас экология мәселесі әлі де маңызды мәселе күйінде қалып отырған кезеңде суды болмыс, қамқорлық, жауапкершілік және адамзаттың өзара тәуелділігі мәселелерін түсінудің маңызды өзегі ретінде ұсынады.


Әйгерім Қапар (Artcom Platform)

Бұл баяндама Балқаш көлін Іле-Балқаш алабы аясында кеңестік отарлық индустрияландыру тарихы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасып келе жатқан табиғи ресурстарды игеру үдерістері және климаттың өзгеруінен туындаған қысым тоғысқан гидроәлеуметтік жүйе ретінде қарастырады. Көл инфрақұрылымдық өзгерістер, экологиялық үдерістер және күнделікті тәжірибелердің ықпалымен су, жад пен билік арасындағы байланыстар үздіксіз жаңаша қалыптасып отыратын орта ретінде зерделенеді. Баяндамада гидрокосмология ұғымы көшпелі дүниетанымға, дене арқылы қабылданатын бақылауға және дала мен көл кеңістігінде қалыптасқан ауызша дәстүрлерге сүйене отырып, суды мәдени білім мен тәжірибенің тасымалдаушысы ретінде алдыңғы қатарға шығару үшін ұсынылады. Care for Balkhash («Балқашқа қамқорлық») ұзақмерзімді бастамасына сүйене отырып, баяндама қамқорлықтың бытыраңқы гидроқауымдастықтар арасындағы байланысты қалпына келтіретін әрі жергілікті білім мен институционалдық басқару арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыратын инфрақұрылымдық тәжірибе ретінде қалай қызмет ететінін зерттейді.


Инга Лаце (Almaty Museum of Arts музейінің кураторы)

Бұл презентация табиғат көріністерінен бастап индустриялық композицияларға дейінгі кескіндеме туындылары арқылы Қазақстан өнерінде судың кеңес дәуірінен бүгінгі күнге дейін қалай бейнеленгенін баяндайды. Кеңестік кезең кескіндемесінде су өзендер, көлдер және даладағы жұтаң су көздері арқылы көрініс тапса, сондай-ақ өзендер мен көлдерді индустриялық игеруді дәріптейтін шығармаларда бейнеленеді. Ал заманауи өнерде суға деген көзқарас концептуалды әрі сыни сипатқа ие болады. Осы тарихи үдерістің барысында су тарихи және көркемдік контекстпен бірге өзгеріп отыратын әрі материал, әрі символ ретінде көрінеді. Презентация Almaty Museum of Arts коллекциясындағы туындыларды өңірлік көркемдік тәжірибелермен сабақтастырып, суды Қазақстандағы ландшафт, болмыс және тарихтың өзара байланысын тануға мүмкіндік беретін көркемдік оптика ретінде ұсынады.


Доктор Әсия Бағдәулет (кинотанушы)

Қазақ киносында су күрделі символдық әрі эстетикалық рөл атқарады. Ол бір мезетте материалдық болмыс ретінде де, режиссерлердің болмыс, жады және экологиялық өзгерістерді зерделейтін метафоралық құралы ретінде де көрініс табады. Бұл презентация кеңестік кезеңнің соңғы жылдарынан бастап бүгінгі қазақ киносына дейінгі маңызды фильмдерде судың қалай бейнеленетінін және осы бейнелердің Орталық Азия даласының мәдени әрі экологиялық кеңістігімен қалай астасатынын талдайды. Қазақ киносында су айдындары көбіне осы өңірде басым келетін дала ландшафтына қарама-қарсы қойылады. Өзендер, көлдер мен теңіздер жай ғана географиялық нысандар емес, ішкі рухани әлемнің беймәлім кеңістігі, жоғалтудың және өтпелі кезеңнің символы ретінде көрінеді. Сонымен қатар су ішкі толғаныс пен рухани рефлексияның ортасына айналады. Бірқатар фильмдерде су жағасындағы немесе су астындағы көріністер кейіпкердің жеке тұлғалық өзгерісі мен экзистенциялық кідірісін білдіріп, Орталық Азия өнеріндегі поэтикалық дәстүрмен үндеседі. Қазақ киносындағы су бейнесі экологиялық, тарихи және философиялық тақырыптар тоғысқан көпқабатты көркем тілдің қалыптасқанын көрсетеді.


Бриджит Пик

Бриджит Пик – Массачусетс технологиялық институтының (MIT) Ага Хан атындағы Ислам сәулеті бағдарламасының түлегі. Оның ғылыми қызығушылығы қазіргі заманғы өнердегі өндіруші индустриялардың мұрасын зерттеуге бағытталған. Соңғы зерттеулерінде ол поэтикалық мұназара дәстүрінен шабыт алып, бинаризмді зерттеу тәсілі ретінде қолданады. Осы арқылы ХХ ғасырдың басындағы тоғысу кезеңіне назар аудара отырып, «інжу дәуірі» мен «мұнай модерні» арасындағы қалыптасқан концептуалдық кереғар түсінікті қайта ой елегінен өткізеді. Ол Thresholds: Record (MIT Press, 2026) басылымының тең редакторы болған. Сондай-ақ өнер, сәулет және әдебиет тақырыптарында The Markaz Review, Asymptote Journal, AGSI және өзге де басылымдарға мақалалар жариялаған.


19:00–20:00

Ануар Қалдеханның «Судың жаңғырығы» дыбыстық перформансы

Су – жадының, қозғалыстың және тыңдаудың бастауы ретінде алынған импровизациялық дыбыстық перформанс. Дыбыстың, үнсіздіктің және резонанстың біртіндеп өзгеріп отыратын қабаттары арқылы бұл перформанс көрерменді суды жай ғана бейне ретінде емес, үздіксіз өзгерістегі тірі болмыс ретінде сезінуге шақырады.


Ануар Қалдехан – шығармашылығы күй философиясына негізделген қазақстандық тәуелсіз музыкант, композитор және саунд-әртіс. Гитара, дауыс, дәстүрлі аспаптар – домбыра, қобыз, сыбызғы, сондай-ақ электроника мен импровизацияны ұштастыра отырып, ол ата-баба жадын қазіргі заманғы көркем тілмен сабақтастырған өзіндік музыкалық мәнер қалыптастырды. Оның шығармашылық тәжірибесі қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын заманауи пішіндер арқылы қайта саралап, атмосфераны, тереңнен тыңдай білу мәдениетін, ритуалды және дыбыс, жад пен ландшафт арасындағы өзара байланысты зерттейді. 2015 жылдан бері ол жеке және пәнаралық шығармашылыққа ден қойып, өз жұмыстарын Қазақстандағы және шетелдегі музейлерде, галереяларда және эксперименттік өнер алаңдарында ұсынып келеді.


Бұған дейін Ануар Қалдехан IZ тобының құрамында өнер көрсетіп, сондай-ақ AlaKan, Anuar & "7" және YELEs жобаларының негізін қалаған. Шығармашылық қызметімен қатар ол қазақтың дәстүрлі музыкасын қаузайтын зерттеу және архивтік жобаларға қатысып, Tashi Folk Music Archive дәстүрлі музыка архивінің редакциялық жұмысына атсалысты. Оның музыкасы сондай-ақ Британ кітапханасының Dunhuang көрмесіне және International Dunhuang Programme аясында жүзеге асқан жобаға да енген.

Тағыда

ALMA-SEO-banner.png

01 Jul 2024

01 Jul 2024

ALMA-SEO-banner.png

01 Jul 2024

01 Jul 2024

ALMA-SEO-banner.png

01 Jul 2024

01 Jul 2024

ALMA-SEO-banner.png
bottom of page