top of page

«Қазақфильммен» бірлескен мультипликациялық фильмдер көрсетілімі

Untitled.png

Мультипликациялық фильмдер көрсетілімі

2026 ж. 23 тамыз

Билет алу

Art event in Almaty.

«Қазақфильммен» бірлескен мультипликациялық фильмдер көрсетілімі
Тіркелу
Бағдарлама және тіркеу

Музейге кірерде алған билетті көрсетіп, тегін тамашалаңыз.



Осы айда сіздерді кинотанушы Әсия Бақдәулетқызы іріктеп, құрастырған қазақ анимациялық фильмдерінің жаңа бағдарламасын көруге шақырамыз. Бағдарлама қазақ анимациясының нендей ауқымы кең тақырыптарды қаузап жүргенін көрсетеді. Бір фильмдер мифтер мен аңыздарға негізделіп, халықтың дүниетанымы мен рухани тамырына үңілсе, екіншісі ер мен әйелдің қоғамдағы орны туралы қалыптасқан түсініктерді қайта зерделейді. Сондай-ақ әлеуметтік құбылыстарды сынға алып, адам мен әлемнің үйлесімі жайында ой толғайды. Баланың жан дүниесіне жақын бейнелі тілмен өрілген бұл қысқаметражды фильмдер бүлдіршіндер ғана емес, ересек көрерменнің де тілін табады.



Тимур мен айдаһар (2014), 11 мин, реж. Рамиль Усманов, Юлия Тхай

Тынымсыз балақай Тимур туралы сериялы фильмдердің бұл шығарылымында бас кейіпкер айдаһарды жеңіп, айбынды батыр атанғысы келеді. Бірақ улы маскулиндік идеяларынан бас тартып, шын батырлықтың күш көрсету емес, әлсізді қорғау екенін үйренеді.



Мақтаншақ қыз (2012), 10 мин, реж. Қуат Қоңырқұлжаев, Рамиль Усманов, Юлия Тхай

Асыра сөйлеуді әдет қылған Бибігүл күндердің күні “кілем тоқимын” деп ханға өтірік айтады. Өнері ғана емес, өмірі сынға түскен шақта қыз қайтпек? Мақтаншақтық пен жауапкершілік туралы әзілге құрылған оқиға балаларға да, ересектерге де ұнауы кәдік.



Тұңғыш көк түрік (2023), 8 мин, реж. Ділшат Рахматуллин

Көк түріктердің жаралуы туралы мифті тартымды анимация тілімен жеткізе білген туындының оқиғасы шымыр, айтар ойы терең, визуал әлемі тартымды. Отансүйгіштікке үндейтін фильмдердің қатарындағы үздік туындының бірі.



Тастүлек (2014), 23 мин, реж. Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы

Аңыз-ертегілерге негізделген туынды табиғатты бағындыру емес, онымен келісімде болуға үндейді. Фильмнің көркемдік әлеміндегі әр деталь қазақтың дәстүрлі тұрмысын айна-қатесіз бейнелеп, ұлт мәдениетінің астарындағы философияны әсерлі жеткізеді.



Үндеме (2022) 8 мин, реж. Мейіржан Төлепбай

Антиутопия жанрында әдіптелген бұл шығарма қараңғы бояулармен, Бруно Каталано стиліндегі қуыс адамдардың қапастағы тіршілігін бейнелейді. Саяси астары бар туынды кез келген қараңғылықты адамның ішкі сәулесі жарып шығады деген маңызды ой айтады.



Қандай рақат сәбилер жыламаған! (2022), 10 мин, реж. Маржан Жұбаныш

Маржан Жұбаныштың бұл фильмі оның әдепкі, ұлпадай үлбір, түрлі-түсті, көпқатпарлы әлеміне құрылған. Фильмнің визуал табыстары сәби аңсаған жұбайлардың ізгі ниетін ғана емес, ұлттық танымдағы пір мен киенің орнын да түсіндіріп береді.



Шаңырақ (2025), 4 мин, реж. Мадина Тажбағамбетова

Бұл фильм әлем жаратылысы мен ұлттық танымнан үйлесім іздейді, және қатты мен жұмсақтың, беріктік пен иілгіштіктің арасындағы үйлесімнен тұратын әлем жаратылысын ұлттық оюлар формасына салу арқылы пәлсапалық ойды көркем жеткізе біледі.



Қарлығаштың құйрығы неге айыр? (1967), 10 мин, реж. Әмен Қайдаров

Қазақ анимациясының алғашқы қарлығашы, бұл фильм қазақ халық аңызына негізделіп, ізгілік пен зұлымдық арасындағы мифологиялық тартысты көрсетеді. Қарлығаш мұнда адамзатқа қамқор киелі бейне болса, сәби — өмірдің жалғасы, ал ана мен аналық сезім — дүниені құтқарушы негізгі күш. Мұндағы қауіп-қатердің символына айналған айдаһардың арғықазақ танымындағы мағынасы да талдап-талқылауға лайық.



Ақ қаз (2010), 10 мин, реж. Тұрдыбек Майдан

Бұл фильмде қаз, жылан, су, айдаһар және сәукеле бейнелері арқылы арғықазақ мифологиясындағы әйелдік бастау мен қалыңдыққа қол жеткізу мотиві ашылады. Әйелдік бастау бейнелері ақ қаз  —  бірде құс, бірде қыз, бірде жылан кейпіне еніп, су мен аспанды біріктірген тылсым күш ретінде сипатталса, айдаһар зұлымдық бейнесінде, ал аңшы, күн, семсер мен от еркектік бастаудың белгісі ретінде ұсынылған.



Алтын сақа (2012), 11 мин, реж. Қайырғали Қасымов

«Алтын сақа» ертегісіне негізделген фильмдегі бас кейіпкердің жалмауыз кемпірмен кездесуі және одан құтылуы архаикалық сюжеттердегі тылсым күштермен арпалысу, өмір мен өлім арасындағы шекарадан өтіп, есею, рух шыңдау мотивтерімен байланысты.



Суын (2022), 8 мин, реж. Абдолла Шахайдаров

Бұл фильмде өсімдіктер мен жануарлар, аспан мен теңіз, адам мен табиғатты біріктіретін арғықазақтың біртұтас космологиялық жүйесі сипатталады. Суындар — адамзатқа бақ-береке әкелетін суасты жылқылары. Оларды Каспий теңізінің жағалауына қайтарғысы келетін Елтай батырдың аналық күштердің көмегімен мақсатына беттеген сапарында арғықазақ мифологиясының көптеген қатпарлары жасырулы.



Өсиет (2022), 6 мин, реж. Ербол Бораншы, Талас Оразбай

Оқиғасы аяқталмаған бұл фильм мифтік таным мен патриоттық месседжді үйлестіре алған. Балапанды жыланнан құтқарып, жерасты патшасымен шайқасатын батыр мотиві көне мифтік-фольклорлық сюжеттерді біріктіреді.



Су перісі (2025), 6 мин, реж. Рената Мирғалиева, Линара Мирғалиева

Бұл фильмде су перісі бейнесі көне мифологиялық құрылымды экологиялық мазмұнмен қайта жаңғыртады. Фильмдегі су — жанды, киелі, ерікті күш, су перісі — оның қорғаушысы. Қысқаметражды туындыны мифология және экологиялық сана мен адамзаттың табиғат алдындағы жауапкершілігін тоғыстырған экоанимация ретінде сипаттауға болады.

Тағыда

ALMA-SEO-banner.png

01 Jul 2024

01 Jul 2024

ALMA-SEO-banner.png

01 Jul 2024

01 Jul 2024

ALMA-SEO-banner.png

01 Jul 2024

01 Jul 2024

ALMA-SEO-banner.png
bottom of page