"Дала үй болған кез. Көшпелі қоғамдағы қонақжайлыққа тарихи көзқарас" дәрісі

2026 ж. 21 қаңтар
«Дала үй болған кез» дәрісі: Орталық Еуразияның көшпелі қоғамындағы қонақжайлыққа тарихи көзқарас. Өзара көмек қолын созу дәстүрлері дала жағдайында аман қалуға қалай ықпал еткені және ХХ ғасырдағы түбегейлі өзгерістер кезеңінде бейімделуге қалай көмектескені туралы.
Тарихшы, «Qalam» жобасының бас редакторы Жар Зардыханның дәрісі.

Discover more
as a member
Мыңдаған жылдар бойы Орталық Еуразияның ұшы-қиыры жоқ далалары көптеген адамдар топтары үздіксіз көшіп-қонып отырған кеңістік болды. Еркін қозғалу және өз шаруашылығын бірге алып жүру қабілеті, яғни, бейімділік дала тұрғындарының қатаң климаттық жағдайларда өмір сүруіне ғана емес, сонымен қатар аймақтық сауда жолдарына, саяси және стратегиялық одақтарға қосылуына, өз мемлекеттерін құрып, басқаруына мүмкіндік берді.
Аймақ Ахемен әулетінен бастап Ескендір Зұлқарнайынға, Моңғол империясы мен Темір әулеті мемлекетіне дейінгі ұлы державалардың өзге өлкелерді бағындыруына арналған әскери алаңға айналғанымен, көшпелі өмір салты өзгермеді. Оның мызғымас қағидалары, жолаушы мен қонаққа қолдау көрсетуді көздейтін ұжымдық өзара көмек пен адамгершілік ережелері бір сәт те әлсіреген жоқ. Өйткені бүгін сен үй иесі болсаң, ертең қонақсың.
Алайда ХХ ғасырда бұл жүйенің бәрі Столыпин реформалары, соғыстар, аумақтық межелеу, ұжымдастыру, ашаршылық, депортация және тың игеру салдарынан түбегейлі өзгерді. Дәстүрлі экономика мен әлеуметтік құрылымдар күйреді, демография құлдырады, адамдар мүлде өзге, жат мәдени және саяси шындықтарға бейімделуге мәжбүр болды, десе де оған қоса өз болмысына адал қалуға тырысты. Қазақтар үшін бұл кезең өз жерінде өзге біреудей күн кешіп, тағдырын өз бетінше шешу мүмкіндігінен айырылған және стратегиялық әрі индустриялық жобалар салдарынан атақонысын тастап кетуге мәжбүр болған уақытқа айналды. Ал ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарында олар басқа елдерге қоныс аударып кете барды.
Қонақжайлық пен өзара көмек қолын созу көшпелі қоғамда тарихи тұрғыдан өмір сүрудің аса маңызды тетіктері болғаны және отарлау мен идеологиялық өзгерістер кезеңінде олардың қазақтарға да, өзге халық өкілдеріне де бейімделіп, аман қалуға қалай жәрдемдескені туралы біз «Qalam» жобасының бас редакторы, тарихшы Жар Зардыханмен әңгімелесуді жөн көрдік.