top of page

One Steppe Forward*: Қазақстандағы әйел суретшілер

Untitled.png

Lecture and Workshop

2025 ж. 29 қазан

Бұл шара көрермендерді Қазақстандағы әйел суретшілердің әр кезеңдегі шығармашылық тарихын зерттеуге арналған дәріс пен шебердің сабағына шақырады. Өнертанушы Диляра Шәріпова осы тақырыпқа қатысты өзінің зерттеуін таныстырады, ал сәулетші және мәдениет белсендісі Әсел Есжанова қатысушылармен бірге интерактивті сабағын өткізеді.
Untitled-13.jpg
Discover more
as a member
Join today

2025 жылы 29 қазанда Almaty Museum of Arts мұражайы Қазақстандағы әйел суретшілердің өнер тарихы мен тәжірибелерін зерттеуге арналған бірлескен іс-шара өткізеді. Іс-шара AWARE (Әйел суретшілердің мұрағаты, зерттеулер және көрмелер)  халықаралық әйелдер өнер платформасымен коллаборация негізінде жүзеге аспақ, сондай-ақ аталған екі ұйымның екеуара байланысына жасалған алғашқы қадам болмақ.


Шара барысында өнертанушы Диляра Шәріпова Қазақстандағы әйел суретшілерге арналған өз зерттеуін ұсынады. Матильда Ташицка мен Каролина Эрнандес Муньос AWARE ұйымының мұра, архивтеу, экспозициялау және әйел суретшілер өнерін зерттеу салаларындағы тәжірибесін бөліседі. Сондай-ақ, Almaty Museum of Arts өкілі ретінде Инга Лаце мұражай коллекциясындағы әйел суретшілер туралы ақпарат беріп өтеді. Баяндамалар мен пікірталастан кейін сәулетші әрі мәдениет белсендісі Әсел Есжанованың жетекшілігімен қолөнер мен әйелдер ынтымақтастығы тоғысындағы шеберлік сабағы өтеді, онда қатысушылар киіз басып, ұлттық қолөнер, музыка және әйелдердің бірлесе атқаратын күнделікті тіршілігіне қатысты танымын кеңейтеді.


Қазақстандық әйел суретшілердің шығармашылығы туралы, сондай-ақ олардың бүгінгі күн тұрғысынан қандай мәнге ие екені жөнінде ой бөлісеміз. Бұл іс-шара көрермендерді елдің өнер кеңістігіне, нақтырақ айтсақ, әйелдердің көзімен көріп, жүрегімен сезініп, даусымен жеткізген көркем әлемге сапар шегуге шақырады. Олардың көркем ишаралары сол күйі елеусіз қалды ма, әлде олар өз ойын жеткізудің  қолөнер немесе балама тәсілдер сынды жолдарын тапты ма? Бәріміз бірге бұл оқиғаларды қалай ашуға, қайта баяндауға, және жаңа көзқарас қалыптастыруға болатынын зерттеу, жад және көркемөнер белсенділік әдістері арқылы саралаймыз. 


AWARE 2014 жылы Парижде негізі қаланған халықаралық коммерциялық емес ұйым десек, оның миссиясы XV-XXI ғасырлар аралығындағы әйел және гендерлік тұрғыда бинарлы емес суретшілер туралы зерттеулер жинақтап, өз сайтында мақалалар жариялау арқылы кең аудиторияға таратуды көздейді. Бүгінгі күні бұл онлайн платформада 1400-ге жуық өмірбаяндық мәтін бар және ай сайын 80000-ға дейін адам кіріп көреді. AWARE әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық зерттеуші, феминистік өнер тарихшылары, өнер сыншылары мен белсенділер жазған мәтіндер арқылы сан түрлі көзқарастарды жеткізу алаңы болып отыр. Бұл ынтымақтастық Almaty Museum of Arts топтамасында сақталған әйел суретшілердің шығармаларына қатысты өнертану бағытындағы жаңа зерттеулер жүргізуді көздейді. Олардың қатарында Айша Ғалымбаева мен Алмагүл Меңлібаева бар. 


Іс-шара Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қаржылай қолдауымен өтеді.


* Бұл атау суретші Сәуле Сүлейменованың 2019 жылғы осы аттас еңбегінен алынған.


Біздің спикерлер:

Диляра Шәріпова (Алматы) – өнертанушы, оның зерттеулері 1930-1950 жылдардағы Қазақстан кескіндеме және графикалық өнеріне, қазақ театр және қолданбалы өнеріне, сондай-ақ 21-ғасырдағы заманауи мүсін өнері, инсталляция, графикалық өнер және комикстерге бағытталған. Сонымен қатар, оның қызығушылықтарының аясына әйелдердің шығармашылығы теориясы мен тәжірибесі де кіреді. 1989 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Тарих факультетінің Өнертану кафедрасын бітірген, ал 1992 жылы КСРО Ғылым академиясының Социологиялық қоғамдастығы мен Жастар институтының Жоғары социологиялық курстарын аяқтаған. 1998-2000 жылдары ол Алматыдағы Soros Center for Contemporary Art орталығында. 1989–1996 жылдар аралығында және 2007 жылдан бері М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарып келеді. Шәріпова өнертану бойынша PhD дәрежесіне (2007) ие, 2020 жылдан бері доцент болып қызмет атқарады. Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті құрамындағы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі әрі жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. Ол Халықаралық өнер сыншылары қауымдастығының (AICA) және Санкт-Петербургтегі Сарапшылар одағының мүшесі. Шәріпова – «Қазақ бейнелеу өнері мәселелері: қалыптасу кезеңі (1930–1950 жылдар)» (Алматы, 2008) және «Әбілхан Қастеев» (Р. Ерғалиевамен бірлесіп, Алматы, 2014) атты монографиялардың авторы. Сондай-ақ, ол бірнеше монографиялар жинағы, соның ішінде «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан көркем өнері» (2009) еңбегінің жазылуына да өз үлесін қосқан.


Әсел Есжанова – Алматыда тұратын сәулетші және кәсіби қызметі архитектура мен урбанистика саласындағы кең ауқымды пікірталастарға белсенді қатысуымен тығыз байланысты мәдениет белсендісі. Ол әртүрлі аудитория арасында дизайнға қызығушылықты арттыруға ерекше мән береді. Мәжбүрлі түрде қоныстандырылған аграрлық Целина (тың жерлер) өңірінде өскен Әсел ерте жастан Кеңес Үкіметінің әлеуметтік саясатына куә болды, және саясатқа деген бұл қызығушылығы оның бүкіл кәсіби өмірінде көрініс тауып отырды. Ол Сталин репрессиялары, скейт мәдениеті, еңбек миграциясы сияқты әртүрлі тақырыптарға арналған көрмелер мен шараларды ұйымдастырды. Оған қоса ол «Urban Forum Kazakhstan» қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі және даму директоры болып қызмет етеді. Бұл ұйым Қазақстанда алғаш болып урбанизм мәселелерін және қала кеңістігін қайта қарау мақсатында пәнаралық тәсілдерді күн тәртібіне шығарды. Urban Forum Kazakhstan тұрақты жұмыс істей бастағаннан кейін Әсел өз уақытын Қазақ ұлттық қолөнерін зерттеуге, жергілікті материалдармен тәжірибе жасауға және әртүрлі салалар арасындағы шығармашылық ынтымақтастыққа көбірек арнай бастады. Ол Ұлыбританияның Корольдік Сәулетшілер Институты (RIBA) шығарған «100 Women: Architects In Practice» атты кітапқа енген, бұл жинақ құрылыс саласына елеулі үлес қосып жүрген жүз көрнекті әйел сәулетшіні таныстырады. Әсел – сәулетші ретінде үш құрлықта жұмыс істеген тәжірибелі маман.


Матильда Ташицка – «AWARE: Әйел суретшілердің мұрағаты, зерттеулер және көрмелер» ұйымының зерттеу бағдарламалары бөлімінің жетекшісі. Бұл ұйым аясында ол түрлі бастамаларға жетекшілік етіп, басылым жұмыстарын қадағалайды және әйелдер мен гендерлік тұрғыда бинарлы емес суретшілерге арналған зерттеу жобаларын тексеріп отырады. Сонымен қатар ол әйел суретшілерге арналған AWARE сыйлығын үйлестіруші координатор. Ол Париждегі École du Louvre Лувр жоғары мектебін бітірген. Бұған дейін Monnaie de Paris мекемесінде жұмыс істеген, кейін Париждегі Польша институтында бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған. Ташицка –тәуелсіз куратор және өнертану сыншысы. 2023 жылы ол Швейцариядағы Susch музейінде өткен «Wanda Czelkowska. Art Is Not Rest» атты көрменің кураторы болды. Жақында, 2025 жылы, Францияның Реймс қаласындағы FRAC Champagne–Ardenne мекемесінде өткен «Trajectoires que je suis. Lauréates du prix d’honneur AWARE» көрмесін бірлесе ұйымдастырды. 2024 жылдан бастап ол Лувр жоғары мектебінде қазіргі заманғы өнердің тарихы мен теориясынан дәріс береді.


Каролина Эрнандес Муньос – Парижде тұратын өнертанушы әрі куратор. Ол Париж 1 Пантеон-Сорбонна университетінде қазіргі заманғы өнер тарихы мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Зерттеу бағыты Латын Америкасы, Латын америкалық тектес және Кариб өңірлерінің перформанс өнерін қамтиды. Сонымен қатар ол Латын Америка әдебиеті бойынша бакалавр дәрежесіне ие. Қазіргі уақытта Каролина «AWARE: Әйел суретшілердің мұрағаты, зерттеулер және көрмелер» ұйымында Халықаралық желілер жөніндегі менеджер қызметін атқарады. Бұл қызметте ол коммерциялық емес ұйымдар, тәуелсіз көркем кеңістіктер және мұражайлар арасында ынтымақтастық орнатып, өнердегі феминистік және интерсекциялық көзқарастарды дамытуға үлес қосып келеді. Оны Американың отарлық тарихын қайта ой елегінен өткізетін өнер туындылары қызықтырады. Оның зерттеу жұмыстары антиколониялық және деколониялық көркем тәжірибелерге бағытталған. Осы қызығушылықтың негізінде ол 1980-жылдардың соңы мен 1990-жылдардың ортасына дейінгі кезеңде Христофор Колумбтың 500 жылдығына орай ұйымдастырылған контр-коммеморативті өнер мен көрмелерге арналған жоба аясында жұмыс істеді. Бұған дейін ол Нью-Йорктегі El Museo del Barrio мұражайымен және Жантий қаласындағы Le Générateur перформанс кеңістігімен бірлесіп жұмыс істеген.


Инга Лаце – Almaty Museum of Arts мұражайының бас кураторы. 2012 жылдан 2020 жылға дейін ол Латвияның Заманауи өнер орталығында куратор болып жұмыс істеді. Оның зерттеу саласы Кеңес дәуірі және посткеңестік кезеңдегі Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия аймақтарындағы, сондай-ақ осы өңірлердің диаспораларындағы модерн және қазіргі заманғы өнер атаулыны қамтиды. Ол көші-қон мен трансұлттық байланыстар тақырыбына ерекше назар аударады. 2020–2023 жылдары ол Нью-Йорктегі MoMA мұражайында өткен C-MAP бағдарламасы аясында Орталық және Шығыс Еуропа бойынша стипендиат атанды және халықаралық деңгейде кураторлық жобалармен айналысты. Оның бұрынғы жобаларына мыналар кіреді: 2019 жылғы Венеция биенналесіндегі Латвия павильоны; «Survival Kit» (2017–2023); 2018 жылы Villa Vassilieff-тегі «Portable Landscapes» көрмесі, Латвия Ұлттық өнер музейі және CUNY университетіндегі James Gallery; 2022 жылы Мальмe көркемөнер музейіндегі «Latvian Collection»; 2023 жылы Ослода өткен «New Visions – The Henie Onstad Triennial for Photography and New Media»; Каунас биенналесі (2023); және Люблянадағы графикалық өнер биенналесі (2023).

bottom of page