top of page

Almaty Museum of Arts-та Алмагүл Меңлібаеваның “Мен бәрін түсінемін” атты көрмесінің екінші бөлімі ашылды

render-East_Entrance.png

Алматы, Қазақстан | 13 наурыз 2026 жыл – Almaty Museum of Arts Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ресроспективалық көрмесінің екінші бөлімін, яғни, шарықтау шегін ұсынады.

Алматы, Қазақстан | 13 наурыз 2026 жыл – Almaty Museum of Arts Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ресроспективалық көрмесінің екінші бөлімін, яғни, шарықтау шегін ұсынады. Экспозиция кураторы – атақты тайландтық куратор, Бангкоктағы Джим Томпсон арт-орталығының көркемдік жетекшісі Гридтия Гавивонг. Жоба мұражайдың бас серіктесі Halyk Bank қолдауымен жүзеге асырылды.  


Аталған жоба 2025 жылы қыркүйекте ашылған мұражайдың инаугурациялық көрмесіндей болып, халықаралық өнер кеңістігінің назарына ілікті. Ол туралы ArtReview мен ArtAsiaPacific басылымдары жазса, ал ArtForum жылдың үздік көрмелері тізіміне енгізді. Бүгін мұражай бұл көрменің жаңартылған нұсқасын қонақтар назарына ұсынбақ.


Бұл Алмагүл Меңлібаеваның шығармашылық жолындағы алғашқы ретроспективталық көрмесі әрі 1980-жылдардың соңынан бүгінгі күнге дейінгі көркемдік ізденістерін барынша жан-жақты тәпсірлеуге мүмкіндік беретін ең ауқымды жоба болып отыр. Кураторлық тұжырымдамаға сәйкес, көрме екі бөлімге бөлінген. Мұндай құрылым суретшінің көркемдік тілінің қалыптасуы мен эволюциясын біртіндеп, жүйелі түрде ашып көрсетуге мүмкіндік береді.


Экспозицияның тарихи өзегін Алмагүл Меңлібаеваның ертеректегі кескіндеме және графикалық туындылары құрайды. Олар экспозицияның екі бөлімінде де өзгеріссіз сақталып, белгілі бір дәуірдің бетбұрыс жасаған тұсын, яғни, кеңестік жүйенің ыдырауы мен жаңа болмыстың қалыптасуын бейнелейді. Көрменің екінші бөлімі экспозицияның визуал кеңістігін жаңартады: өнерсүйер қауым суретшінің фотожұмыстары мен негізгі видеоинсталляцияларын тамашалай алады. Бұл туындылар Қазақстанда өте сирек көрсетілетін еңбектер қатарына жатады.


Көрменің жаңартылған экспозициясындағы негізгі туынды – Алмагүл Меңлібаеваның XV ғасырдағы Самарқан билеушісі әрі әйгілі астрономға арналған кейіпкер аттас «Ұлықбек» деген алты арналы иммерсив инсталляциясы. Бұл жұмыс алғаш рет 2020 жылы өткен Лахор Биенналесі аясында таныстырылып, өнер сыншылары тарапынан жоғары баға алған. Али Нобил Ахмад рецензиясында былай деп жазған:«Пәкістанда заманауи өнер көрмелері ұйымдастырылып жүрген осы бір қысқа уақыт ішінде ауқымы, философиялық әрі эстетикалық тереңдігі жағынан бұл туындыға тең келетін жұмыс көрген емеспіз». Инсталляция Орталық Азияның зияткерлік тарихын ғылыми қиял мен білім көкжиегін кеңейткен кеңістік ретінде қарастырады. Осы арқылы суретші өңірдің тарихи-мәдени мұрасын бүгінгі заман тұрғысынан қайта ой елегінен өткізуге шақырады.


Сондай-ақ көрменің екінші бөлімінде Алмагүл Меңлібаеваның «Қозыларға арналған сүт», «Каспий жағасында» (ирандық суретші Бахар Бехбаханимен бірлескен жұмыс) және «Шығу» атты бейнежұмыстары ұсынылған. Оған қоса көрмеде жаңа фотосериялар мен «Саған апарар Жібек жолым» атты лайтбокстар да қойылған. Бұл туындылар жобаның көркемдік әрі тұжырымдамалық ауқымын кеңейтіп, оның мазмұнын тереңдете түседі.


Суретшінің өзінің айтуынша: «Көрмені екі тарауға бөліп ұсыну туындылардың еркін тыныстауына және дамуына мүмкіндік береді. Осылайша, олар Қазақстан контексінде жеке тәжірибе мен геосаяси пайымның жаңа қырларын аша түседі».


«Мен бәрін түсінемін» атты көрменің екінші бөлімі тек бірнеше жылдық шығармашылық ізденістің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның тарихы, болмысы мен болашағы жайында әңгіме қозғайтын теңдессіз бір мәлімдеме іспетті.


Көрме 2026 жылдың 17 мамырына дейін жалғасады.

bottom of page