Almaty Museum of Arts Билл Виоланың Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды көрмесін ұсынады

Алматы, 1 маусым 2026 жыл – Almaty Museum of Arts (ALMA) заманымыздың аса беделді суретшілерінің біріне арналған «Билл Виола: Уақыт кеңістігі» атты Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды көрменің ашылатынын хабарлайды. Жоба Halyk Bank-тың стратегиялық қолдауымен жүзеге асып отыр.
Алматы, 1 маусым 2026 жыл – Almaty Museum of Arts (ALMA) заманымыздың аса беделді суретшілерінің біріне арналған «Билл Виола: Уақыт кеңістігі» атты Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды көрменің ашылатынын хабарлайды. Жоба Halyk Bank-тың стратегиялық қолдауымен жүзеге асып отыр.
Көрме Bill Viola Studio (Лоң Бич, АҚШ) студиясымен серіктестік негізінде іске асырылады және 2026 жылдың 1 шілдесінде ашылады. Көрме кураторы – Bill Viola Studio басшысы, Билл Виоланың жұбайы және сан жылдар қасында жүрген үзеңгілесі Кира Перов.
Экспозицияда Виоланың негізгі туындылары жинақталған, олар суретшінің қырық жылдық шығармашылық жолын қамтиды. Көрмеге «Шағылысқан хауыз» (The Reflecting Pool, 1977-1979), «Сәлемдеcу» (The Greeting, 1995), «Сал» (The Raft, 2004) пен «Тристанның көкке өрлеуі» (Tristan’s Ascension, 2005) сынды 1970 жылдардың аяғындағы алғашқы талпыныстарынан бастап, 2000 жылдарда жасалған ауқымды бейнеинсталляцияларына дейінгі негізгі жұмыстары енген. Қазақстан мен Орталық Азия көрермендері үшін бейнені дербес көркем медиум ретінде қабылдауды түбегейлі өзгерткен суретшінің шығармашылығын осындай кең ауқымда тамашалауға алғаш рет мүмкіндік туып отыр.
Билл Виола бейнені жай экрандағы туынды ретінде емес, біртұтас тәжірибе кеңістігі ретінде қарастырды. Оның жұмыстарында жарық, дыбыс, масштаб, ырғақ пен көрерменнің жүріп-тұрғаны да бейненің дәл өзіндей маңызды рөл атқарады. Суретшінің инсталляцияларының көпшілігі бөлек-бөлек бөлмелерге қойылатындықтан, көрермен физикалық әрі эмоциялық тұрғыда ішіне сүңгіп кететін ерекше орта қалыптастырады. Almaty Museum of Arts музейіндегі 16 бейнеинсталляциядан тұратын экспозиция да осы логикаға сүйеніп құрылған.
Виола шығармашылығы өмір мен өлім, жад пен уақыт, руханият, тән мен ішкі өзгеріс сынды адамзаттың бәріне ортақ мәңгілік тақырыптарды қаузайды. Оның көркем тілі Батыс және Шығыс философиясы һәм мистикалық дәстүрлер мен өнер тарихының ықпалымен қалыптасты. 1970 жылдардан бастап Виола технологиялық дәлдік пен философиялық тереңдікті ұштастыра отырып, бейнеөнердің шекарасын үздіксіз кеңейтіп келді.
Билл Виоланың жұмыстары Нью Йорктегі MoMA, Лондондағы Tate, Бильбаодағы Guggenheim Bilbao және Париждегі Centre Pompidou секілді әлемнің ең ірі музейлерінде көрсетілген. 2001 жылы «Естелік квинтеті» (The Quintet of Remembrance) жұмысы Нью Йорктегі Metropolitan Museum of Art коллекциясына енген алғашқы бейнеөнер туынды болды. Ал 2014 жылы оның «Азап шегушілер (Жер, Ауа, От, Су)» (Martyrs (Earth, Air, Fire, Water) бейнеинсталляциясы Лондондағы Әулие Павел соборындағы тұрақты экспозицияның құрамдас бөлігі ретінде орнатылды.
Almaty Museum of Arts үшін бұл көрменің алар орны ерекше. Көрме қорында Виоланың «Тұрақтар» (Stations, 1994) атты туындысы әуелден тұр. Аталған туындының коллекциядан ойып тұрып орын алуы Билл Виола шығармашылығының осы өңірдегі алғашқы ауқымды көрмесіне айрықша мән үстеп, музейдің оның өнеріне деген сан жылдық қызығушылығын аша түседі.
Жобаны жүзеге асыру үшін Алматыға 235 Media (Германия) аталатын медиатехнология мен көрме дизайны саласы бойынша жаһанның ең үздік зертханасынан бір топ маман келеді. 235 Media ұжымы – Bill Viola Studio-ның көп жылдан бері технологиялық әріптесі. Мамандар күрделі бейнеинсталляцияларды музей кеңістігіне бейімдеп, түпнұсқа көрме стандарттарына сай проекциялық шешімдер мен акустикалық орта даярлайды.
Экспозиция «Ұлы Дала» залында өтеді. Көрме кеңістігі толығымен иммерсив ортаға айналады.
Көрменің ашылуының құрметіне үш тілде жазылған иллюстрацияланған каталог шығады, оның ішіне өнертанушылардың жаң аша көзқарасы ұсынылған мәтін, суретшінің 2001 жылғы сұхбаты мен туындыларына берген авторлық сипаттамалары енгізілген.
Көрме мен каталог жобасының жүзеге асуына музейдің бас серіктесі Halyk Bank қолдау көрсетті. Ұзақмерзімді серіктестік аясында банк музейдің мәдени инфрақұрылымды дамыту мен жаһандық өнердің қолжетімді болуына бағытталған стратегиясын тұрақты түрде қолдап келеді.
ALMA-ның көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева: «Билл Виоланың көрмесі біз үшін өңірдегі көркем тәжірибенің жаңа деңгейін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам дер едім. Көрермен оның жұмыстарына жай қарауды ғана емес, ішіне дендеп кеткендей әсерде болуға дағдыланып алады. Мұндай тәжірибені жеделдету де, жеңілдету де мүмкін емес, өйткені ол уақыт, зейін мен адамның өзінің қатысуын талап етеді. Біз Алматыда заманауи өнер тілін қалыптастырған суретшілерді таныстырып қана қоймай, олардың шығармашылығына терең бойлауға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру да маңызды деп санаймыз».
«Билл Виола: Уақыт кеңістігі» көрмесін 2026 жылғы 1 шілдеде өнерсүйер қауымға есігін айқара ашады. Экспозиция 2027 жылғы 17 қаңтарға дейін жалғасады. Көрмені музейге кіру билетін сатып алып көруге болады.