Almaty Museum of Arts Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты тұңғыш монография-кітабын таныстырды

Алматы | 13 мамыр 2026 жыл - Almaty Museum of Arts музейі Алмагүл Меңлібаеваның ауқымды ретроспектикасының аясында «Мен бәрін түсінемін» атты бірегей каталог шығарып отыр.
Алматы | 13 мамыр 2026 жыл - Almaty Museum of Arts музейі Алмагүл Меңлібаеваның ауқымды ретроспектикасының аясында «Мен бәрін түсінемін» атты бірегей каталог шығарып отыр. Таралымы шектеулі бұл кітап маңызды мәдени шараның қорытындысы іспетті, сондай-ақ суретшінің қырық жылдық шығармашылық жолына жасалған алғашқы іргелі зерттеу жұмысы болып отыр. Жоба Halyk Bank-тың стратегиялық қолдауының арқасында жүзеге асты.
Монографияның ғылыми редакторы – зерттеуші, Нью-Йорк университетінің (NYU) перформанстар зерттеу кафедрасының (Performance Studies) докторанты, ART Margins пен Artforum сынды беделді басылымдарда мақалалары жарияланып жүрген Әнел Рақымжанова.
«Алмагүл Меңлібаева: Мен бәрін түсінемін» атты каталог суретшінің 1988 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кескіндеме, графика, текстиль, фото және видеожұмыстарын, сондай-ақ перформанстарын қамтиды. Суретшінің архивіндегі фотосуреттердің көпшілігі бұл басылымда алғаш рет жарияланып отыр. Сонымен қатар каталогқа Алмагүл Меңлібаева мен «Мен бәрін түсінемін» көрмесінің кураторы, Бангкоктағы Джим Томпсон арт-орталығының көркемдік жетекшісі Гридтия Гавивонг екеуі құрған әңгіме мен олардың бір-біріне жазған хаттары да басылған.
Басылымға Меңлібаеваның шығармашылық жолындағы негізгі кезеңдерді саралап, оның өнеріне ықпал еткен медиалар мен тарихи контексттерді зерттейтін өнертану бағытындағы эсселер де енгізілген.
Мәтін авторлары – үздік халықаралық сарапшылар:
Доктор Әлия де Тизенгаузен – Орталық Азия өнері бағытында жұмыстанатын жазушы, куратор және зерттеуші. Ол Central Asia in Art: from Soviet Orientalism to the New Republics (2016) атты кітап авторы және Лондонда өткен Focus Kazakhstan: Post-Nomadic Mind (2018) атты қазақстандық заманауи өнер көрмесіне бірлесе кураторлық еткен.
Доктор Диана Т. Құдайберген – Лондон Университет колледжінің (UCL) оқытушысы, Орталық Азияның посткеңестік наразылық өнер мен әлеуметтік теория саласының маманы. Ол бірқатар монографияның авторы, соның ішінде What Does It Mean to Be Kazakhstani? (2025) және The Kazakh Spring (2024) жұмыстары бар.
Ифтихар Дади – Корнелл университетінің профессоры, Жаһандық Оңтүстік болмысы мен ондағы бейресми қалалық орта зерттеушісі. Ислам ұстанатын Оңтүстік Азиядағы модернизм тақырыбын зерттейтін кітаптардың авторы және заманауи өнер мен оның теориясына қатысты көптеген басылымдардың редакторы.
Түрлі репродукциялар, ғылыми мақалалар мен архивтен алынған материалдардың үйлесімі бұл басылымды суретші шығармашылығын бағалаушылар үшін де, жалпы Қазақстанның заманауи өнерін зерттеушілер үшін де айрықша құнды ете түседі.
Көлемі 300 беттен асатын басылым екі түрлі нұсқада жарық көрді, әр нұсқада ақпарат екі тілде беріледі: қазақ-орыс және қазақ-ағылшын тілдерінде (әрқайсысы 500 данадан). Фактуралы мұқабамен шыққан басылым дизайнер Алексей Мурашкомен бірлесе дайындалды.
Меруерт Қалиева, Almaty Museum of Arts-тың көркемдік жетекшісі: «Бұл каталогты басып шығару біз үшін көрмені құжаттау ғана емес, Қазақстанның заманауи өнері тарихын сақтау жолында атқарылған іс. Біз зерттеушілер мен біздің өңір өнеріне қызығушылық танытатын барша оқырманға ортақ құндылыққа ие болатын басылым жасауды мақсат тұттық. Кітап халықаралық сарапшылар мәтіндерінің академиялық салмағы мен Алмагүлдің визуал поэзиясын шебер үйлестіріп, оның шығармашылық зертханасына музей кеңістігі беретін мүмкіндіктен әлдеқайда тереңірек үңілуге жол ашады».
«Бұл каталог жүріп жатқан үдерістің заңды жалғасы іспетті. Менің шығармашылығым 1980 жылдардың соңынан бүгінгі күнге дейін түрлі уақыт қабаттарында өмір сүріп келді. Ол ескі жүйелер ыдырап, жаңа құрылымдар әлі толық бекімеген тарихи жарықшақтар арасында қалыптасты. Бәрі қатар өрбіді: бұрынғы әлемнің күйреуі, жаңа болмыстың айқындалуы, шекаралардың ашылуы, жергілікті және жаһандық тәжірибелердің тоғысуы. Мен жекебастың жағдайын ортақ тарихтан ажыратып алмайсың деп білемін. Бұл кітап мен үшін уақыттың өзіндік картасына айналды. Оқырманға осы жолды менімен бірге жүріп өтіп, идеяларымның қалай құбылып отырғанын көруге мүмкіндік береді», - деді Алмагүл Меңлібаева.
Каталог Almaty Museum of Arts музейінің дүкеніне сатылымға шықты. Кітаптың бірнеше данасы келер ұрпақтың еншісіне қалуын қамтамасыз ету мақсатында кітапханалар, музейлер мен жоғары оқу орындарына сыйға беріледі.
«Мен бәрін түсінемін» көрмесі 17 мамырда жабылады. Экспозицияның соңғы күндері, яғни 15, 16 және 17 мамырда Алмагүл Меңлібаева авторлық эксклюзив экскурсиялар жүргізеді. Сондай-ақ 16 мамыр күні сағат 16:30-да суретшінің өзі мен оның көптеген видеожұмыстарына саундтрек жазған композитор, зерттеуші Герман Поповтың қатысуымен ойталқы ұйымдастырылады.