top of page

Перформанс, Орталық Азия мен Кавказ: Almaty Museum of Arts пен Tate Modern бірлескен жоба ұсынды

Бұл ынтымақтастық мұражайдың халықаралық аренадағы алғашқы қадамы ретінде танылып, Орталық Азия мен әлем арасындағы диалог пен білім алмасуға деген ұмтылысының айқын көрінісіне айналды.
render-East_Entrance.png

Almaty Museum of Arts Лондонның әлемге әйгілі Tate Modern институтымен бірлескен халықаралық коллаборациялар сериясын ұсынып отыр.

Қазан айының 3–4 жұлдыздарында өткен «Қимыл мен ишара арқылы баяндалатын тарих: Перформанс, Орталық Азия мен Кавказ» атты бағдарлама  дене жадтың тасымалдаушысы, ым-ишара саяси көзқарас білдіруші құрал, ал перформанс білімді сақтау мен жеткізудің тәсілі ретінде қарастырылатын ой кеңістігіне айналды.

Екі күн бойы Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Грузия мен өзге де елдерден келген суреткерлер, зерттеушілер мен кураторлар осы аймақтың кеңес кезеңінен постколониялық қазіргі уақытқа дейінгі тарихи жағдайын тән, яғни, ым-ишара, қимыл-қозғалыс арқылы зерделеуге талпынды. Өнер тарихына арналған баяндамалар жаңадан қойылған перформанстармен астасып, мұражайды жад, қозғалыс және ұжымдық тәжірибе арасындағы диалог кеңістігіне айналдырды.

«Бұл жоба аталған өңірлерден жиылған суретшілер мен зерттеушілердің басын қоса отырып, олардың сан қырлы жан дауысының зор қарқынмен шығып, діттеген жеріне жетуіне мүмкіндік берген кеңістік құрды. Іс-шара аясында өнертануға қатысты көзқарастар арнайы осы бағдарлама үшін жасалған жаңа перформанстармен терең үйлесімділікте астасып отырды» - Almaty Museum of Arts бас кураторы Инга Лаце. 

Бағдарлама аясында зерттеу презентациялары және музыкалық импровизациялардан бастап, айтыс, қазіргі заманғы лайв-кодинг пен тән арқылы көрініс тапқан ғұрыптардың өзара тоғысын зерттейтін перформанстарға дейінгі жанды қойылымдар да ұсынылды. Бұл қойылымдар қазақ халқының ауыз әдебиетін сақтаушы, рухани ұстаз болған ұлт ақындары мен жыршылардың салтанатты мұрасына, яғни,  жыраулық дәстүрге жасалған тағзым еді. Көрермендер есте сақтау, тіл және қозғалыстың өзара біртұтас кеңістік құрап, онда өткен мен қазір, жеке мен ұжымдық түйісетініне куәгер болды.

«Hyundai Tate: Transnational зерттеу орталығы мен Almaty Museum of Arts мұражайының осы жоба аясындағы ынтымақтастығы Орталық Азия мен Кавказдағы тән арқылы таным мен дене жадыларына бағытталды. Қатысушылар денені жадтың, тәжірибенің және ұмыт болу мен жойылу қаупіне қарамастан осыған дейін сақталып келген тұрақты білім формаларының тасымалдаушысы ретінде қарастырғанда қандай жаңа оқиғалар мен хикаяларға жол ашатынын зерттеді» - деп атап өтті Tate Modern кураторы Дина Ахмадеева.

Бұл ынтымақтастық мұражайдың халықаралық аренадағы алғашқы қадамы ретінде танылып, Орталық Азия мен әлем арасындағы диалог пен білім алмасуға деген ұмтылысының айқын көрінісіне айналды.

«Бұл ынтымақтастық ерекше мәнге ие болды, өйткені ол Кавказ бен Орталық Азиядағы перформанс өнерінің, дыбыс тәжірибелерінің және басқа да перформативті өрнектердің қалыптасуын зерттеді. Бұл практикалар тек 1980–1990 жылдардағы көркемдік үдерістерімен ғана шектелмей, күнделікті өмірдегі ғұрыптармен, айтыс, ақындар, жыраулар мен поэзия дәстүрлерімен терең ұштасып, қоғамдағы өзгерістерге де жауап береді», - деді Инга Лаце.

«Жоба Tate-тің халықаралық идея алмасу мен бірлескен зерттеу арқылы өнер тарихында үстемдік етіп тұрған нарративтерді қайта саралау және кеңейтуге бағытталған ауқымды миссиясының бір бөлігіне айналды. Бағдарламаның Қазақстанда өтуі айрықша маңызға ие болды: ол жергілікті өнер ортасына негізделіп, Орталық Азия мен Кавказдан шыққан суретшілермен, зерттеушілермен, жазушылармен және кураторлармен тығыз әрі ұзақмерзімді диалог нәтижесінде жасалды,» - деді Дина Ахмадеева.

Бағдарламаға қатысушылар тізімі:Рубен Арершалян, Андрюус Арутонян, Әннәс Бағдат, Медина Базарғали, Ута Бекая, Сырлыбек Бекботаев, Ануар Дуйсенбинов, Лия Фельдман, Ана Гзиришвили, Анжела Арутюнян, Айтерим Капар, Антонина ван Лиер и Айтерим Оспан (Artcom Platform), Гульнара Касмалиева, Муратбек Джумалиев, Ермек Казмухамбет, Диана Құдайберген; Қызыл трактор (Саид Атабеков, Смаил Баллиев, Арыстанбек Шалбаев), Lovozero, Джамиля Нуркалиева, Ирена Полиашвили, Елена Разлогова, SAMRATTAMA, Вия Скангале, Юлия Сорокина, Zere.

Бағдарламаға Дина Ахмадеева (Tate Modern), Лия Фельдман (Чикаго университеті) мен Инга Лаце (Almaty Museum of Arts) кураторлық етті.

Бұл іс-шараны Almaty Museum of Arts пен Hyundai Motor серіктестігі негізінде Hyundai Tate Research Centre: Transnational ұйымдастырды.

bottom of page